2024 жылдың 20 желтоқсанда Н.Дәулетова атындағы залда Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының академигі, Шоқан Уәлиханов атындағы Мемлекеттік сыйлықтың иегері, Түркияның «Dil Kurumu» лингвистикалық қоғамының корреспондент мүшесі, филология ғылымдарының докторы, профессор Рабиға Сыздықтың туғанына 100 жыл толуына орай «Көп туса қазақ дәл сіздей қызды» атты кітаптың тұсаукесері өтті.
Шараның модераторы - филология ғылымдарының докторы, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры Анар Салқынбай.
Кітапқа түркітанушы ғалым, ҚР ҰҒА академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор, «Turk dil kurumi» қоғамының корреспондент мүшесі, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген ғылым кайраткері, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының, Шоқан Уәлиханов атындағы сыйлықтың иегері Сыздық Рабиға Сәтіғалиқызы (17.08.1924-3.07.2020) туралы замандастарының, шәкірттерінің естеліктері, ғалымның өмірі мен шығармашылығын арқау еткен мақалалар, ұстаздары мен замандастарының лебіздері, жедел хаттар, ақындардың арнау өлеңдері жинақталған. Жинақта біртуар ғалым, өнегелі ұстаз, асыл жар, аяулы ана, мейірімді әже, сырлас дос бола білген Рабиға Сыздықтың адамдық келбеті, ғалымдық ұстанымы көрсетілген. Ертеректе жазылған мақалалардың қай жылы қандай басылымда жарияланганы көрсетіліп отырды.
«Көп туса қазақ дәл сіздей қызды» атты кітаптың бес данасы ҚР Ұлттық кітапхана қорына табысталды.
Тұсаукесер кешінде академик Рабиға Сыздықтың шәкірттері, филолог мамандар ғалым мұрасының әлі де зерттеліп жатқан тұстары туралы өз пікірлерін ортаға салды.
Шараға әдебиеттанушылар, ақын-жазушылар, профессорлар, және академиктің шәкірттерімен көзін көрген зиялы қауым өкілдері, кітапханашылар қатысты.
![]() |
![]() |
![]() |
![]() |