«Қазақстан кітаптары» қызметінің Ораз Жандосов атындағы оқу залында Қазақстанда 2025 жылдың «Жұмысшы мамандықтар жылы» болып жариялануына орай «Еңбек адамы – ел тірегі» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды.
2025 жыл Қазақстанда Жұмысшы мамандықтар жылы деп жарияланды. Бұл бастама экономиканың негізгі салаларындағы мамандардың маңыздылығын көрсетеді. Осыған орай, техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін заманауи талаптарға сай тиімді ету үшін реформалар жүргізу жоспарлануда. Жұмысшы мамандықтар жылы еңбекқорлық пен кәсібиліктің қоғамдағы құндылығын насихаттауға бағытталған. Адал еңбек пен кәсіби шеберлік қоғамымыздың басты құндылығы ретінде алдыңғы қатарда болуы тиіс. Өз ісінің мамандары арқылы ұлтымыздың жаңа сапасы қалыптасатыны анық.
Көрменің мақсаты – жұмысшы мамандықтары туралы білімді насихаттау, жастарға кәсіп таңдауда көмектесу және еңбекке, өзін-өзі дамытуға және жетілдіруге деген қызығушылықты арттыру. Көрме арқылы мамандықтардың әртүрлілігі мен қоғам үшін маңыздылығын көрсету, сондай-ақ оқырмандарды жаңа кәсіби жетістіктерге шабыттандыру көзделеді.
Көрме үш негізгі бөлімнен тұрады. «Еңбекті қорғау заңнамалары» тақырыбындағы алғашқы бөлімде еңбекті қорғау туралы заңдар мен нормативтік-құқықтық құжаттар ұсынылған. Атап айтқанда: Қазақстан Республикасының Конституциясы, Қазақстан Республикасының еңбек туралы заңы, Қазақстан Республикасының Еңбек кодексі.
«Мамандық – өмір таңдауы» атты екінші бөлім түрлі жұмысшы мамандықтары туралы материалдарды: Ж.С. Касымова «Мамандыққа кіріспе»; Д. Сәрсенбаев, С. Әубәкірова «Токарлық іс»; Т.Г. Дудар, Р.В. Волошин, Ю.И.Осик «Логистика»; Б. Тұрысбеков, С. Тұрысбеков «Кәсіпқой автослесарь»; «Егіншілік»; В. Хмеленко «Токарное дело»; Е. Троценко «Автомеханик» және т.б. қамтиды.
«Білім мен еңбек синергиясы» тақырыбындағы үшінші бөлім техникалық және кәсіптік білім беру жүйесі, жұмысшы мамандықтарын игеру мүмкіндіктері және еңбекпен қамту туралы әдебиеттерді ұсынады. Олардың қатарында: К.К.Борибеков «Профессиональное образование Казахстана: опыт и перспективы»; «А.Қозыбай, Н.Жексенбиева «Кәсіптік білім беру жүйесіндегі қазіргі оқыту технологиялары»; «Архитектурно-строительное образование Казахстана: развитие и перспективы»; Х.Суербаев «Основы нефтегазового дела»; М.М. Бекмагамбетов «Автомобильный транспорт Казахстана: этапы становления и развития»; Б.Ә. Унаспеков, М.Ә. Әділбеков «Жылутехникасы»; С.Ш. Асанов «Электротехнология»; К.И. Кабылшаев «Қазақстан теміржол көлігінің қалыптасуы және дамуы»; Ж. Шатаякова «Машины и оборудование газонефтепроводов» және т.б. еңбектер.
Кітап көрмесі 400-ден астам әдебиеттерді қамтиды және жыл бойы жаңа басылымдармен үнемі толықтырылып отырады.
Кітап көрмесіне шақырамыз!