Әлем әдебиеті залында қазақ халқының ұлы ақыны, философ, қазақ әдебиетінің негізін қалаушы және тұңғыш классигі Абай Құнанбаевқа арналған «Абай Құнанбаев – әлемдік мәдениеттің тұлғасы» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды.
Абай Құнанбаев 1845 жылы 10 тамызда Семей облысының Сырт-Қасқабұлақ жерінде (қазіргі Шығыс Қазақстан облысы Абай ауданы) дүниеге келген. Ол қазақтың ірі ақсүйегінің ұлы болды, бұл оған жақсы білім алуға мүмкіндік берді. Абай араб, парсы, орыс тілдерін, сондай-ақ адами қатынастар мен әлеуметтік процестердің мәніне терең енуге мүмкіндік берген Шығыс пен Батыстың классикалық әдебиетін оқыды.
Биыл ұлы ақын, ойшылдың 180 жылдығы атап өтіледі. Оның шығармашылық мұрасы тек қазақ халқының ғана емес, бүкіл адамзаттың мұрасына айналды. Бұл күн тек республикалық деңгейде ғана емес, сонымен қатар халықаралық деңгейде – ЮНЕСКО аясында атап өтіледі.
Қазіргі кезде Абай шығармалары әлем халықтарының 100-ден астам тіліне аударылған. Әлемдік әдеби кеңістік көрнекті ақын-зияткер Абай Құнанбаевтың терең философиялық идеяларымен, оның классикалық әдеби мәтінінің эстетикасымен байытылуда.
Көрменің мақсаты - қазақ әдебиетінің байлығымен таныстыру, Абайдың әлемдік әдебиет пен философияға қосқан үлесін көрсету, ақынның рухани мұрасын сақтау және болашақ ұрпаққа жеткізу.
Көрме төрт бөлімнен тұрады. «Абай тұлғасы: тарихи жады» атты көрменің бірінші бөлімі Абай Құнанбаевтың өмірбаяны мен оның өмір жолын көрсететін кітаптар мен энциклопедияларды қамтиды. Олардың ішінде: «Literaturen der Volker der sowjet-union» (1967 ж.); «Soviet Kazakhstan today» (1985 ж.); «Kazak edebiyati» (2007 ж.); «Reading Abai» (2020 ж.) және т.б.
«Сөздер кітабы: Абай философиясы» атты бөлім адамгершілік, еңбек және ағартушылық туралы идеяларын талдайтын бас философиялық еңбек «Қара сөздеріне» арналған. Кітаптар әлемнің түрлі тілдерінде ұсынылған.
«Мәңгілік құндылықтарды дәріптейтін поэзия» бөлімінде Абайдың философиясын, табиғатқа деген сүйіспеншілігін, адам өмірі мен қоғам туралы ойларын бейнелейтін әңгімелер мен өлеңдер жинақтары ұсынылған. Бұл кітаптар: «Шулэг» (1958); «Selected poems» (1970); «Zwanzig gedichte» (2007); «Secme surler» (2021) және т.б.
Соңғы бөлім «Абайдың өмірі мен шығармашылығы» деп аталады. Бұл бөлім Абайдың шығармашылығы мен өмірі жазушылар мен зерттеушілерді қалай шабыттандыратынын көрсетеді. Мұнда оның казақ ағарту ісі мен мәдениетін дамытуға қосқан үлесі туралы кітаптар, Абай идеяларының өзектілігін көрсететін жұмыстар ұсынылған. Олардың ішінде: көрнекті жазушы М.Әуезовтің әлемнің түрлі тілдерінде жазған «Абай жолы» монументалды туындысы; «Абай и его литературное наследники во Франции» (1995 ж.); Борис Щербаков «Stellar steppe of Zhidebay» (2020 ж.) және т.б.
Кітап көрмесі Абай Құнанбаевтың шығармашылық мұрасын әлемдік мәдениет аясында жан-жақты көрсетуге мүмкіндік береді. Оның шығармашылығы мен идеялары ұлттық сана-сезімге және қазақ халқының мәдениетін дамытуға айтарлықтай әсер етті, ал поэзия мен проза бүгінгі күнге дейін өзекті және үнемі оқырмандардың назарында болып қала береді.
Кітап көрмесінде ҚР Ұлттық кітапханасының қорынан Абай шығармалары қазақ, орыс, ағылшын, араб, қытай, неміс, поляк, түрік, француз, румын, моңғол, чех, урду, хинди, парсы, вьетнам, болгар, корей тілдерінде (барлығы 168 дана) түрлі жылдардағы басылымдарда ұсынылған.
Барлық ниет білдірушілерді көрмеге қатысуға шақырамыз!