+7 (727) 267-28-83

Бір ел 2025

О. Жандосов атындағы оқу залында «Қазақстан кітаптары» қызметінің ұйымдастыруымен Республикалық «Бір ел – бір кітап» акциясы аясында Қазақстан әдебиетінің екі көрнекті тұлғасы – Тәкен Әлімқұлов пен Жұмекен Нәжімеденовке арналған «Екі ғұмыр, бір әдеби әлем» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды.

Қазақстанда Республикалық «Бір ел – бір кітап» акциясы 2007 жылдан бастап өткізіліп келеді. Жыл сайын еліміздің барлық кітапханаларында көптеген іс-шаралар, кітап көрмелері ұйымдастырылып, акция туралы, таңдалған авторлар мен олардың кітаптары жайлы ақпарат беріледі. Оқырмандардың назарына Қазақстанның танымал жазушыларының шығармалары ұсынылады.     

Акцияның мақсаты – қазақ әдебиетін насихаттау, қоғамның кітап оқуға қызығушылығын арттыру, Қазақстанның әдеби мұрасын зерттеуге мүмкіндік жасау, өсіп келе жатқан жас ұрпақтың интеллектуалдық және рухани дамуына ықпал ету, сондай-ақ ана тіліне деген құрметті нығайту.

Көрме үш бөлімнен тұрады. Бірінші бөлім «Тәкен Әлімқұлов: Қазақ прозасының дара тұлғасы». Қазақ жазушысы және қоғам қайраткері Тәкен Әлімқұловқа арналған. Оның шығармашылығы қазіргі әдебиетте ерекше із қалдырды. Көрмеде жазушының адам тағдыры мен қоғамдағы күрделі қарым-қатынастар тақырыбын терең ашатын: «Біздің Күләш», «Ақбоз ат», «Жемісті жолда», «Жұмбақ жан», «Сейтек сарыны», «Тұлпарлар тағдыры», «Музыкальная душа», «Белый конь», «Вся жизнь впереди», «Серый ястреб», «О прошлом и настоящем» және т.б. туындылары ұсынылған.

Көрменің екінші бөлімі «Қазақ поэзиясындағы Жұмекен Нәжімеденовтің ақындық үні» қазақ әдебиетінің дамуына үлкен ықпал еткен ақын және драматург Жұмекен Нәжімеденовке арналған. Ол 2006 жылы қабылданған Қазақстан Республикасы Әнұраны авторларының бірі. 2010 жылы «Менің Қазақстаным» атты өлеңдер мен поэмалар жинағы үшін Жұмекен Нәжімеденовке Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығы берілді. Оның шығармалары өмір, тарих туралы философиялық ойлар мен ұлттық болмыс мәселелерін қамтиды. Көрмеде ақынның бай поэзиясын ашып көрсететін: «Менің Қазақстаным», «Жаңғырық», «Кішкентай», «Ақ шағыл», «Ашық аспан», «Балауса», «Жарық пен жылу», «Жеті бояу», «Күй кітабы», «Даңқ пен дерт» және т.б. кітаптар ұсынылған.

«Талантты тұлғалардың әдеби мұрасы» атты үшінші бөлімі қазақтың екі танымал жазушысы – Тәкен Әлімқұлов пен Жұмекен Нәжімеденов туралы естеліктерге арналған. Бұл бөлімде осы қаламгерлерді жеке танып-білген, олардың шығармашылығын куә болған замандастарының және олардың еңбектерін зерттеген әдебиеттанушылар мен сыншылардың естеліктері жинақталған. Олар: А. Дүйсебекова «Тәкен Әлімқұлов - сыншы, әдебиетші»,  Н. Молдабекова «Тәкен Әлімқұловтың әңгімелері мен хикаяттарының тіл ерекшеліктері», Г. Бектас «Тәкен Әлімқұловтың мөлдір әлемі», М.А. Азбанбаев «Жұмекен Нәжімеденов», С. Гүлбану «Жұмекен тілінің халықтық қасиеті», Қ. Жүсіп «Жұмекен Нәжімеденовтің ғұмырнамасы» және т.б..

Кітап көрмесі 350-ден астам әдебиеттерді қамтиды және жыл бойы жаңа басылымдармен үнемі толықтырылып отырады.

Баршаңызды кітап көрмесіне шақырамыз!