Өнер бөлімінің оқу залында Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына арналған «Жеңіске жетелеген қазақ өнері» атты тұрақты кітап көрмесі ұйымдастырылды.
Ұлы Отан соғысы жылдарында көркем шығармашылықтың барлық жанрлары үшін патриоттық тақырып ортақ мағынаға ие болды. Оны игеруге көпұлтты Кеңес Одағындағы барлық республикалардың шығармашылық күштері біріктірілді. Адамдарды біріктіріп, оларды бір мақсатқа – жауды жеңуге бағыттайтын ән жанры ерекше дамыды. Ән майдан мен тыл өмірінің ажырамас бөлігі болды.
Соғыс жылдарында Қазақстан әртістері жауынгерлердің рухын көтеру үшін майдан шебіне концерттермен, дәрістермен, әңгімелермен, кездесулермен барды. Окоптар мен жертөлелерде, бомбалау арасындағы үзілістерде Жүсіпбек Елебеков, Манарбек Ержанов, Әнуар Үмбетбаев, Зейнеп Розмұхамедова, Нина Куклиналар ән шырқап, импровизацияланған сахналарда ойнады.
Рамазан Елебаев консерваториядан Панфилов дивизиясына кетті. Оның «Жас қазақ» реквием-әні шайқас алаңында мәңгілікке қалғандар туралы естелік. Алғашқылардың бірі болып Шара Жиенқұлова майданға аттанды. Курск доғасындағы шайқастарға қатысушылар, Сталинград пен Ленинградтың қорғаушылары Роза Бағланованың орындауындағы «Самара-городок» және Күләш Байсейітованың «Гәкку» әндеріне ғашық болатын. Олардың дауыстары жеңіске деген сенімге, төзімділік пен батылдыққа шабыттандырды, бұл ортақ мақсатқа жұмылдырылған бүтін халыққа рухани өрлеу болды.
Көрме үш бөлімнен тұрады. «Жеңіс жыры» бөлімінде халықтың өшпес ерлігін бейнелейтін және сақтайтын бірегей әндер ұсынылған. Сол жылдары Қазақстан композиторлары мен ақындары бейнелі және музыкалық-стилистикалық мазмұны бойынша түрлі кітаптар, ноталық басылымдар, күйтабақтар, CD-дискілер жазды. Олардың қатарында: «Жеңіс жыры»; «Жеңіске арналған 100 ән»; «Қалықта, қаһарман ән»; «Бессмертный солдат»; «Бейбітшілік маршы»; «Солдат сағынышы»; О. Байділдаев «Жауынгер жыры»; «Жауынгер»; Е. Рахмадиев «Жеңіс жыры»; Н. Тілендиев «Жеңіс салтанаты»; Т. Ибрагимова «Песня, рожденная в битвах»; Е. Брусиловский «Әндер, романстар»; Ғ. Жұбанова «Арайлап атқан таң».
«Жеңіс бояулары» бөлімінде өз картиналарын ҰОС тақырыбына арнаған және ҰОС майдандарында соғысқан жерлестерінің қаһармандық бейнелерін жасаған суретшілер туралы: «Ұлы Отан соғысына қатысқан Қазақстан суретшілері»; «Қазақстанның бейнелеу өнері. 1-том»; «Қазақстанның портретіне 100 жыл»; «Әбілхан Қастеев»; «Қанафия Телжанов»; «Сахи Романов»; «Константин Баранов»; «Павел Зальцман» және т.б. әдебиеттер ұсынылған.
«Өрелі өнер, өркенді өріс» бөлімінде өз туындыларын патриоттық жанрда жасаған қазақ театры мен кино қайраткерлері туралы әдебиеттер топтамасы қамтылған. Қазақ драматургиясы соғыс жылдарында соғыс ұсынған пьесалар жасады. Олардың қатарында «Қазақ театрының тарихы. 2-том»; Н.Львов «Казахский академический театр драмы»; Н. Шаукенбаева «Актерское мастерство»; «Кино. Энциклопедия Казахстана»; «Қазақ киносының тарихы»; «История советского кино.Т.4»; «Ш.Айманов атындағы Қазақфильм киностудиясы»; «Сценарий казахского кино»; «Очерки истории казахского кино»; А. Федулин «Кино в Казахстане» және т.б бар.
ҚР Ұлттық кітапханасы Өнер бөлімінің қорында «Жеңіске жетелеген қазақ өнері» тақырыбын қамтитын 700-ден астам құжат сақталған. Аталмыш көрмеде 200-ден аса түрлі ақпарат көздері қойылған.
Көрменің мақсаты – оқырмандарды Ұлы Отан соғысына арналған қазақстандық авторлардың музыкалық және әдеби шығармаларымен таныстыру. Көрме жыл бойы оқырмандарға ұсынылады.
Сіздерді кітап көрмесіне шақырамыз.