Өнер бөлімінің оқу залында қазақ ақыны, композитор, ағартушы, ойшыл, қоғам қайраткері, қазақ жазба мәдениетінің негізін қалаушы Абай Құнанбаевтың туғанына 180 жыл толуына орай «Абай өнер әлемінде» атты тұрақты кітап көрмесі ұйымдастырылды.
Абай Құнанбаев жиырмаға жуық әуен шығарған композитор ретінде де кеңінел танымал. Ұлы ақын өзінің кейбір өлеңдерін музыкаға түсірді. Абайдың арнайы музыкалық білімі болған жоқ, ноталық сауаты болмады. Әндерін жаза отырып, ол тек жеке музыкалық қабілеттеріне, өзінің дауысы мен домбырасына үміт артты.
Абай әндер мен күйлерді жақсы білді, халық композиторлары Біржан сал, Ақан сері, Тәттімбет, Жаяу Мұса және т.б. әндерін жоғары бағалады. Ақынның музыкалық таланты лирикалық әндерде көрініс тапты. «Айттым сәлем, Қаламкас», «Қор болды жаным», «Сұрғылт тұман», «Ата-анаға көз қуаныш», «Татьянаның хаты» әндері халық ән шығармашылығына жаңа әуезді ритмдарды, пішіндер мен өлшемдерді, тілдің көркем-мәнерлі құралдарын пайдаланудың жаңа принциптерін енгізді.
Абай шығармашылығында орыс тілінен аударылған өлеңдер негізінде құрылған әндер топтамасы бар. М. Төлебаев, С. Мұхамеджанов, Ғ. Жұбанова, М. Қойшыбаев, Н. Тілендиев және т.б композиторлар Абай өлеңдеріне әндер мен романстар жазды. К. Мусин, Е. Рахмадиев, К. Күмісбеков, А. Еспаев, М. Маңғытаев секілді композиторлар Абайдың сөзіне көптеген жақсы әндер мен романстар жазды. Ұлы ақынның әндері халықтың игілігіне айналды және бүкіл әлемге танымал болды.
Көрме үш бөлімнен тұрады. «Дәуір мақтанышы» бөлімі Абай туралы өмірбаяндық ақпаратты қамтитын әдебиеттерді ұсынады. Ұлы ойшыл туралы мәліметтер: «Қазақстанның Ұлттық энциклопедиясы», «Алматы» энциклопедиясы, «Абай жолы энциклопедиясы», «История казахского искусства», А. Жұбанов «Ән-күй сапары», Т. Коңыратбай «Әлемдік музыка тарихы» және т.б. қамтиды.
«Абай өлеңдері мен әндері» бөлімінде Абайдың музыкалық шығармашылығы туралы әдебиеттер: әндер, ноталық басылымдар, күйтабақтар, жазбалар, естеліктер, спектакльдерден үзінділер және белгілі қазақ әншілері мен музыканттарының орындауындағы Абай романстары ұсынылған. А.В. Затаевич «1000 песен казахского народа»; Б. Ерзакович «Кішкентай музыкант»; «Жамбыл салған ән еді»; «Қазақ әндері»; «Абайдың әндері мен күйлер», «Абай әндері»; Ғ. Жұбанова «Жыр жазамын жүрегімнен», С. Мұхамеджанов «Әнді сүйсең менше сүй»; Н. Тілендиев «Құстар әні».
«Абай бейнелеу, кино және театр әлемінде» бөлімінде Абайдың көркемдік бейнесін бейнелеу және көркем шығармалармен жазылған фильмдер, спектакльдер қоюмен жұмыс жасаған суретшілер мен мүсіншілердің шығармашылығы туралы әдебиеттер бар. Картиналардың, ескерткіштердің және мүсіндік бейнелердің репродукцияларымен кітаптар ұсынылған. Олардың қатарында: «Әбілхан Қастеев»; «Қанафия Телжанов»; «Хәкімжан Наурызбаев»; «Әубәкір Ысмайылов»; «Нағым-бек Нұрмұхаммедов»; Қ. Сиранов «Казахское кино-искусство»; Л. Богатенкова «Современное казахское сценическое искусство», «Услышать и понять человека»; С. Кузембаева «Воспеть прекрасное».
ҚР Ұлттық кітапханасы Өнер бөлімінің қорында «Абай өнер әлемінде» тақырыбын қамтитын 500-ден астам құжат сақталған. Аталмыш көрмеде 150-ден астам түрлі ақпарат көздері қойылған.
Көрменің мақсаты – оқырмандарды ұлы Абайдың музыкалық мұрасымен таныстыру. Көрме жыл бойы оқырмандарға ұсынылады.
Сіздерді кітап көрмесіне қатысуға шақырамыз.