+7 (727) 267-28-83

Байжанбаев

Бүгін кітапханада Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай,  Қазақстанның Халық артисі, екінші дүниежүзілік соғыстың ардагері, диктор  Әнуарбек Нығметжанұлы Байжанбаев туралы «Қазақтың Байжанбаевы» атты кітаптың таныстырылымы өтті.

Ә.Байжанбаевтың замандастарымен қатар шәкірттерінің, ақын-жазушылардың естелік әңгімелері, өлең-жырлары қамтылған кітап «Атамұра» корпорациясының президенті, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Р.Құл-Мұхаммедтің демеушілігімен жарық көрді.

1944-1990 жылдар аралығында Қазақ радиосына қызмет еткен   дауылпаз дауыс иесінің есімін ұлықтап, шығармашылығын қалың оқырманға насихаттау мақсатында ұйымдастырылған шара  ҚР Ұлттық кітапханасының директоры Ғ.Нұрғалиеваның алғы сөзімен басталды. «Қазақ радиолары» ЖШС бас директоры Н.Кушеров, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, профессор  Н. Омашев,  «Атамұра» корпорациясының президенті       Р. Құл-Мұхаммед, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер инстиутының директоры К.Матыжанов  және радио ардагерлері  сөз сөйлеп, естеліктермен бөлісті. Сонымен қатар, дикторлар өлең оқып, дәстүрлі әнші Е.Шүкіман ән орындады. Кешті  «Қазақ радиосы» және «Шалқар» радиосы Алматы филиалының аға  редакторы Б. Жағыпарұлы жүргізді.

Шараға қатысушылардың назарына  радионың «Алтын қорынан» алынған Ә.Байжанбаевтың  оқуындағы жанды дауыста үнтаспа қойылды. Сонымен қатар жеке архивтік қорынан медальдары, куәліктері мен  фотосуреттерін қамтитын көрме ұсынылды. 

Шараға «Қазақ» радиосының ардагерлері, белгілі журналистер, қоғам қайраткерлері, зиялы қауым және БАҚ өкілдері қатысты.

Байжанбаев 1   Байжанбаев 2   Байжанбаев 3
Байжанбаев 4   Байжанбаев 5   Байжанбаев 6