+7 (727) 267-28-83

  Сирек кездесетін кітаптар мен қолжазбалар қоры 40 мыңнан астам құжаттан тұрады. Оның ішінде 1000-нан астамы қолжазбалар (қазақ, орыс, шығыс тілдерінде), қазақ кітаптарының топтамасы, Қазақстан жайлы еңбектер, Қазақстанның алғашқы мерзімді басылымдары, шығыс баспа кітаптары, орыс кітаптары, Европаның көне баспа кітаптары, микрофильмдер, кітаптардың электрондық көшірмелері болып табылады. 
  Қорда сақталған қолжазбалардың ішінде куфа жазуымен жазылған «Құран» (ХII ғ.), Фирдоусидің шағатай тіліндегі «Шахнамесі» (1721-1723жж.), ЮНЕСКО-ның «Әлем жады» бағдарламасының Халықаралық тізіміне енгізілген Қ.А.Ясауи мен С.Бақырғанидың жазба мұралары аса құнды деп саналады. 
  Сирек кездесетін баспа кітаптар қатарында қазақ әдебиеті классиктерінің, қазақ ағартушыларының көзі тірісінде жарық көрген еңбектері бар. Шығыс халықтары кітаптарының топтамасы 2 мыңға жуық. Қорда Қазақстанның алғашқы мерзімді басылымдары –  «Туркестанские областные ведомости» (1879-1917 жж.), «Қазақ» (1913-1918 жж.), «Еңбекші қазақ» (1923-1932 жж.), және т.б. газеттер мен «Айқап» (1911-1917 жж.), «Абай» (1918 ж.), «Шолпан» (1922 ж.) т.б. журналдар сақталған.

Қазақ кітаптары

   Қазақ кітаптары топтамасы Ұлттық кітапхана қорының құнды құрамы болып табылады және ҚР кітап ескерткіштеріне жатады. Олар – араб және латын графикасымен басылған қазақ кітаптары. Қазақстанда жазу реформасы оншақты жылдың көлемінде (1929-1940 жж.) екі рет жүзеге асырылды: 1929 жылға дейін қолданылған араб графикасынан латынға, 1929-1940 жылдары қолданылған латын графикасынан кириллицаға көшірілді. Араб графикасымен басылған 1841-1932 жылдар аралығын қамтитын қазақ кітаптарының саны – 1500, латын графикасымен басылған 1926-1941жылдар аралығын қамтитын қазақ кітаптарының саны – 3500 аталым.

   Жәдігерлердің ішінде аты әлемге танымал Шоқан Уалихановтың (1835-1865), Ыбырай Алтынсариннің (1841-1889), Абай Құнанбаевтың (1845-1904) кітаптары бар.

   Араб графикасымен басылған қазақ кітаптарының ішінде көпшілік біле бермейтіндері де кездеседі. Оған ХІХ ғасырдың аяғы – ХХ ғасырдың басында өмір сүрген мұсылмандық дүниетанымдағы жазушылар Мәшһүр-Жүсіп Көпеев, Ғұмар Қараш, Шәді төре бин Жиһангер, Кашшаф-уд-дин Шахмардан, Шайхислам ұлы Жүсіпбектің кітаптарын жатқызуға болады. 
Қазақ кітаптары топтамасында репрессия құрбандары Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаев, Жүсіпбек Аймауытов, Халел Досмухамедов, Шәкәрім Құдайбердіұлы сынды жазушылар мен қоғам қайраткерлерінің еңбектері мен шығармалары бар.

   Латын графикасымен басылған қазақ кітаптары топтамасында қазақтың классик жазушылары Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіров, Сәбит Мұқанов,  Жамбыл Жабаев, Ғабит Мүсірепов, Тайыр Жароков, Әбдіжәміл Нұрпейісов, Әбділдә Тәжібаев, сондай-ақ Мұхтар Әуезовтің әлемге әйгілі «Абай жолы» роман-эпопеясы бар. Белгілі қоғам қайраткерлері мен ғалымдары Ж.Сәдуақасов, Т.Рысқұлов, А.Лекеров, М.Ақынжановтың т.б. шығармаларының алғашқы басылымдары сақтаулы.

   ҚР Мемлекеттік «Мәдени мұра» (2005-2007) бағдарламасын жүзеге асыру аясында ҚР Ұлттық кітапханасының қорында жоқ араб графикасымен басылған қазақ кітаптарымен едәуір толықтырылды.

Қазақ газеттері

   Қазақ газеттерінің топтамасы 1231 түптемеден тұрады. Бұл газеттер Қазақстанның ұлттық мұрасына айналған алғашқы қазақ мерзімді басылымдары. Мерзіміне қарай басылымдар революцияға дейінгі және революциядан кейінгі деп бөлініп, араб және латын графикасымен қазақ тілінде, орыс тілінде шығып тұрған.

   Революцияға дейінгі басылымдар: «Туркестанские ведомости» (Ташкент, 1879-1872, 1888-1906),  «Семипалатинские областные ведомости» (Верный, 1884-1889, 1893), «Тургайские областные ведомости» (Орынбор,  1901, 1903 және т.т.), «Наша газета» (Ташкент,  1918). Газеттер Семей, Ақтөбе, Орынбор, Орал, Алматы, Қызылордада шығып тұрды: «Жаңа ауыл» (Семей,  1930-1933), «Кедей» (Ақтөбе,  1925-1929), «Қазақ әдебиеті» (Алматы,  1934-1945), «Қазақ тілі» (Семей, 1923-1928), «Қызыл Ту» (Орал, 1926-1929), «Лениншіл жас» (Қызыл-Орда, 1927-1945), «Пионер» (1930-1937), «Тілші» (Алматы, 1922-1929), «Казахстанская правда» (1932-1945), «Ленинская смена» (1929-1940).

   Қоғамдық-саяси «Қазақ» (1913-1918 жж.) газеті алдыңғы қатарлы зиялы қауымның саяси жұмыстарын ұйымдастырушы болды, әрі тәуелсіздік үшін күресудің айшықты жолдарын  анықтауға мүмкіндік туғызды. 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс кезіндегі бар шындықты ашып жазып, халықты бірлік пен ынтымаққа үндеді. Газеттің партиялық бағыт-бағдары болды. Газетті Ж.Аймауытов, Ә.Бөкейханов (бас редактор), Х.Досмұхамедов, М.Дулатов, М.Жұмабаев сынды саңлақтар - талантты қазақ журналистері мен жазушылары шығарды. «Қазақ» газетінің идеясының ықпалымен Ұлттық «Алаш-Орда» партиясы қалыптасты. Газет Орынборда басылып шығып тұрған және сол кез үшін өте жоғары 3000 дана таралыммен, ал 1914 жылы – 8000 дана таралыммен шығып тұрды.

   «Еңбекші қазақ» газетінің (1919-1932 жж.) аты бірнеше рет өзгертілген және бүгінгі күнге дейін шығып тұрады (Социалистік Қазақстан, Егемен Қазақстан). Газеттің мақсаты жалпы халықты еліміздегі және шетелдердегі негізгі саяси, экономикалық және әлеуметтік мәселелер мен маңызды оқиғалар жөніндегі ақпараттармен хабардар ету болып табылады. Газетті шығару жұмысында Б.Майлин, С.Сейфуллин, М.Сералин сынды танымал әдебиетшілер белсенді қызмет атқарды. Осы газет бойынша «1913 жылдан 1932 жылға дейінгі қазақ газеттеріндегі Қазақстан шежіресі» (араб графикасы) атты мультимедиялық басылым даярланды.

Орыс газеттері

   Сирек кездесетін кітаптар мен қолжазбалар қорындағы орыс газеттерінің топтамасы  революцияға дейінгі және революциядан кейінгі болып бөлінеді.

   Революцияға дейінгі газеттер: «Московские ведомости» (1786, 1798, 1801-1802 және т.т.), «Земледельческая газета» (СПб, 1834, 1836-1837),  әскери газет - «Русский инвалид» (СПб, 1874, 1878,1895 және т.т.), «Восточное обозрение» (Иркутск,  1891), «Алтай» (Бийск, 1915).

   Революциядан кейінгі газеттер: «Правда» (1919-1925 жж.), сандары толық емес газеттер тобы - «Биржевые ведомости», «Петроградский листок», «Вечернее время», «Маленькая газета» (СПб, 1917 ж.), «Солдатское слово», «Голос».

Қазақ журналдары

   Қазақ журналдарының коллекциясына кіретін «Айқап», «Абай» (Семей, 1918 ж.), «Садақ», «Шура» (Орынбор, 1908-1916 жж.), «Шолпан» (Ташкент, 1922-1923 жж.), «Жас қазақ» (Орынбор, 1923-1924 жж.), «Таң» (Семей, 1925 ж.), «Әдебиет майданы» (1932-1936 жж.) т.б.
   1) «Айқап» (Троицк, 1911 ж.) – қазақтың тұңғыш қоғамдық-саяси және әдеби журналы. Қазақ зиялыларының беделді ұйымы болып саналады. Алғашқы редакторы – көрнекті қазақ қоғамының қайраткері және ақын М.Сералин болды.

   2) «Садақ» - Уфа қаласындағы медреселерде оқыған қазақ шәкірттерінің қолжазба журналы. Жазушы - Б.Майлин мен Ж.Тлепбергеновтың басқаруымен 1916 жылы бірнеше ай шығып тұрған. Бейімбеттің әйгілі «Шұғаның белгісі» атты әңгімесі алғаш рет осы журналда жарияланған. Сондай-ақ, Алматы қаласында 1917-1918 жылдары татар тілінде «Саадак» атты мерзімді басылым шығып тұрды.

Орыс журналдары

   Сирек кездесетін кітаптар мен қолжазба бөлімінде ХVІІ-ХХ ғасырдың басында Ресей империясы аймағында жарық көрген мерзімді басылымдар да осы қордың бір бөлігі болып табылады.

   Орыстың мерзімді баспасының нақты толық нұсқасына жататын журналдар: «Санкт-Петербургские ведомости» (1769, 1773 жж. т.б.), «Вестник Европы» (1802-1803, 1812-1815 жж.),  «Сочинения и переводы» (1755-1762 жж.), «Этнографическое обозрение» (1891-1915 жж.), «Технологический журнал» (1804-1812 жж.).

   Сатиралық журналдар коллекциясына жататын: «Будильник» (СПб, 1868-1869 жж. т.б.), «Вербный базар» (СПб, 1906 ж.) және де «Ворон» 1906  ж. Бұл басылымдардың библиографиялық құндылығы өте зор. Сонымен қатар мәдениет және өнер саласына арналған журналдар да бар.  Олар: «Библиотека» (1793, 1837 жж. т.б.),  «Чтения в Императорском обществе истории и древностей российских при Московском университете» (1847-1848 жж.),  «Художественные сокровища России» (1901-1904 жж.).