24.11.2023
Описание
24 қараша, сағат 16.00-де Н.Дәулетова атындағы залда Мәскеу қаласы Үкіметі бұқаралық ақпарат құралдары және жарнама департаментінен Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасының қорына кітаптарды салтанатты сыйға тарту рәсімі және Алматы қаласындағы «Ұлы Жібек жолы-2023» XI Халықаралық кітап және полиграфиялық көрмесі аясында белгілі орыс жазушылары Марина Москвина және Максим Амелинмен кездесу өтеді.
Жазушылар туралы қысқаша:
Марина Москвина – «Ясная поляна» халықаралық әдеби сыйлығының финалисі, халықаралық Андерсен атындағы құрмет дипломының лауреаты. Әлемнің көптеген тілдеріне аударылған кітаптардың авторы: «Роман с Луной», «Гений безответной любви», «Моя собака любит джаз», Арктикаға, Жапонияға, Үндістанға және Непалға саяхаты туралы әңгімелері. Марина Москвина ересектер мен балаларға арналған кітаптар жазады. Оның сценарийлері мен әңгімелерінің желісі бойынша 20-ға жуық мультфильм түсірілді. Кездесуде автор шығармашылық қабілеттерді дамыту және жазу өнерін үйрету бойынша шеберлік сабағын өткізеді, сонымен қатар, шығармашылық, саяхат, өзінің өмірі және әңгімелері мен кітаптарын қалай жазатыны туралы әңгімелейді.
Максим Амелин - орыс ақыны, аудармашы, әдебиет сыншысы және баспагер, «БГБ» баспасының бас редакторы. Іс-шарада автор қазақ жазушыларымен бірлескен жоба – «ТМД елдерінің қазіргі әдебиеті» антологиясы, қазақ және ТМД-ның басқа тілдеріне аударылған «Қазіргі орыс прозасы мен поэзиясы» екі томдығы туралы өз әсерімен бөліседі.
Іс-шараның модераторы - М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының халықаралық байланыстар және әлем әдебиеті бөлімінің меңгерушісі, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының мүшесі С.В.Ананьева.
Мәскеу Үкіметінің «Мәскеу Кітап» баспа бағдарламасының медиа-экспозициясы сыйға тартылады.
Іс-шараға қатысушылар: мектептер мен колледждердің, кітапханалардың оқушылары мен оқытушылары, Алматы қаласы және Алматы облысының ЖОО филология факультеттерінің студенттері, БАҚ өкілдері, Орыс тілі мен әдебиеті қауымдастығы және т. б.
Барлық ниет білдірушілерді қатысуға шақырамыз!