15.05.2025
Description
2025 жылғы 15 мамыр, 11.00-де кітапханада Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, Т.Рысқұлов ауданының Құрметті азаматы, белгілі журналист, ақын Кәріпжан Нүсіптің 85 жылдығына орай «Сағыныштан сөйлейді сөз... Құлан даласынан» атты еске алу кеші өтеді.
Өмірден өзі өткенімен өнегелі өлеңдерімен артында өшпес із, құнды қазына қалдырған Кәріпжан Нүсіптің астарында мағыналы ойы бар өлеңдері мектеп оқулықтарына енгізіліп, жас ұрпақты тәрбиелеуге қолданылса деген де мақсат көзделуде.
Осы кеште ақынның өлеңіне жазылған жаңа әннің тұсауы кесіліп, жақында ғана қырғыз тіліне аударылған өлеңін Қырғызстаннан арнайы келетін меймандар оқып, таныстырады. Сонымен қатар, Алатау ауданының «Ардагерлер» оркестрі күймен кешке көрік қосады.
Шара аясында ҚР Ұлттық кітапханасының қорынан ақынның өмірі мен шығармашылығына арналған кітап көрмесі ұйымдастырылады.
Қатысушылар: ақын К.Нүсіптің ұл-қыздары, туыстары және көзкөрген замандастары мен шәкірттері, сондай-ақ, Құлан өңірінен түлеп шыққан әдебиетте, журналистикада, сазгерлік, әншілік өнерде және спортта, сондай-ақ білім-ғылым саласында танылған азаматтар және т.б.