14 маусымда ҚР Ұлттық кітапханасының Н. Дәулетова атындағы залында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, хореограф Ақмарал Қайназарованың «Үнді классикалық биі. Қазақстан және Үндістан» кітабының тұсаукесері өтті.
«Үнді классикалық биі. Қазақстан және Үндістан» кітабында (Алматы, Жібек Жолы, 2023) алғаш рет үнді классикалық биінің «ұғымы» және оның рухани, зияткерлік мазмұны ашылған; екі мәдениеттегі би дәстүрінің ортақтығы, Қазақстан мен Үндістан арасындағы мәдени байланыстар, Қазақстанда және шетелде стильдендірілген үнді биінің дамуы туралы баяндалған.
⠀
Іс-шараны ҚР Ұлттық кітапханасының директоры, Қазақстандық Кітапханалық Одақтың төрайымы Оспанова Бақытжамал Қайырбекқызы ашып, сөз кезегін шара модераторы - ҚР Журналистика Академиясының президенті, тарих ғылымдарының докторы, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетінің профессоры Қозыбаев Сағымбай Қабашұлына берді.
⠀
Аталмыш кітаптың тұсаукесер рәсімінде Қазақстандағы Үндістан елшілігінің бірінші хатшысы Хоти Лал мырза, мәдениеттанушы-ғалым, дипломат, мемлекет және қоғам қайраткері, филология ғылымдарының кандидаты Әуез Мұрат Мұхтарұлы, қазақстандық және кеңестік балет әртісі, педагог-репетитор, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген әртісі, тәуелсіз «Тарлан» сыйлығының лауреаты Л.Г.Рудакова «Жібек жолы» баспа үйінің бас редакторы Балжан Хабдина, балеттанушы, балет сыншысы, мәдениет пен өнер бойынша бағдарламалардың авторы Флюра Мусина және т.б. сөз сөйледі.
⠀
Өз кезегінде Ақмарал Қайназарова ҚР Ұлттық кітапханасының қорына «Үнді классикалық биі. Қазақстан және Үндістан» кітабының екі тілдегі нұсқасын бес данадан сыйға тартты.
⠀
Қатысушылар: ақын-жазушылар мен журналистер, хореографтар, әдебиеттанушылар, оқытушылар мен студенттер, кітапханашылар, БАҚ өкілдері және оқырмандар.