2024 жылғы 23 сәуір, 11.00-де ҚР Ұлттық кітапханасының Үлкен залында әлемнің жүзден астам елінде миллиондаған адам атап өтетін Дүниежүзілік кітап және авторлық құқық күніне арналған жыл сайынғы «КІТАПшоу-2024» кітап фестивалі аясында белгілі диктор, ҚР Мәдениет қайраткері Серіков Аманжан Еңсебайұлымен «Сырлы сөз сиқыры» атты көркемсөз оқу шеберлік сабағы өтті.
Кеш модераторы: Қазақстан Республикасы Президенті сыйлығының лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері, «Қазақ» және «Шалқар» радиосы Алматы филиалының аға редакторы Бақыт Жағыпарұлы.
Әдебиетті оқытқанда мәнерлеп оқуға көп мән беріп қарау керек. Мәнерлеп оқу – әдебиетті сезінудің негізі, сөз өнерінің қайнар көзі болып табылады. Сондықтан да бұл шеберлік сабақтан жалынды жастардың үйренері мол. Жағымды сөйлеудің астарында, сананың тереңдігі жатыр.
Шара барысында Қазақ радиосының ардагер дикторы өзінің қызмет жолында жинаған мол тәжірибесімен бөлісті.
Сондай-ақ, шараға қатысушы колледж студенттері поэзиядан сыр шертіп, өз өнерлерін ортаға салды. Шеберлік сабақ үстінде еркін ой толғап, көркемсөз оқыған қатысушыларға ҚР Ұлттық кітапханасының атынан кітаптар сыйға тартылды.
Қатысушылар: Алматы мемлекеттік көлік және коммуникациялар колледжі, Алматы сән және дизайн колледжі, Алматы технология және флористика колледжі, Алматы қазақ мемлекеттік гуманитарлық педагогтік колледжі, Алматы мемлекеттік жаңа технологиялар колледжі, Алматы автомеханикалық колледжі, Алматы көпсалалы колледжі, мектеп мұғалімдері мен жоғары сынып оқушылары және т.б.