+7 (727) 267-28-83

«Қазақстан кітаптары» оқу залында атақты жазушы, тарихшы-этнограф, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қойшығара Салғариннің 80 жасқа толуына орай «Тарих ғылымының тамыршысы» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды.

salgarin

Қойшығара Салғарин 1939 жылы 1 сәуірде Қостанай облысы, Жангелді ауданының Көкалат ауылында дүниеге келген. 1964 жылы С.М.Киров  атындағы  Қазақ мемлекеттік университеті филология факультетінің  (қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті) журналистика бөлімін бітірген.

1957 жылы Қ.Салғарин еңбек жолын «Ауыл өмірі» газетінде редактор болып бастады. 1957-1975 жылдары – қазақ радиосының корреспонденті, Қазақ КСР Ғылым академиясының ғылыми қызметкері, ҚР Мемлекеттік хатшысының кеңесшісі, Қазақстан Республикасының Қытай Халық Республикасындағы Елшілігінің Мәдениет жөніндегі кеңесшісі, Г.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің ғылыми қызметкері болды.

Автордың алғашқы сатиралық өлеңдері 1960 жылдары мерзімді басылым беттерінде жариялана бастады. Қытай тілінде жазылған қазақ халқының тарихын қазақ тіліне аударған автор. «Сиуңну», «Дуңху. Гаучы», «100 құжат», сатиралық өлеңдер, «Крючок» («Ілгешек»), «Естай Есжанов»  эсселер жинағының, «Жақсы адамның жанында», «Өткен күндер» әңгімелер мен повестердің,  «Қазақ қазақ болғанға дейін», «Қазақ қазақ болғаннан кейін» екі томдық романының және т.б. танымал кітаптардың авторы.

ҚР Ұлттық кітапханасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында  шыққан «Жаһандық әлемдегі заманауи қазақстандық мәдениет» жобасының бірден-бір үлес қосушысы. Осы жобаның арқасында бүкіл әлем отандық әдебиетіміздің жетістігін БҰҰ-ның: орыс, ағылшын, араб, қытай, испан және француз сияқты алты тілінде таныса алады. 2018 жылы «Жаһандық әлемдегі заманауи қазақстандық мәдениет» кітап сериясына әдебиет және өнер саласы бойынша мемлекеттік сыйлыққа ие болған заманауи жазушылардың 9 шығармалары таңдап алынды. 1996 жылы Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығына К.Салғариннің «Қазақтар» («Казахи») трилогиясы ұсынылды. Автордың шығармасы араб тілінде басып шығарылды.

Қ.Салғарин екі рет медальмен және Қазақстан Жоғарғы Кеңесінің мақтау қағазымен марапатталды. 1996 жылдан Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты,  ал, 2003 жылдан Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.

Кітап көрмесінде ҚР Ұлттық кітапханасының қорынан жазушының өмірі мен шығармашылығы туралы материалдар, оның еңбектері мен мақалалары, мерзімді басылым беттерінде жарияланған естеліктер ұсынылған.

Кітап көрмесіне шақырамыз!

 

Сайтта

Қазір сайтта 74 қонақ отыр және бірде бір тіркелген пайдаланушы жоқ.