2 наурыз, сағат 15.00-де ҚР Ұлттық кітапханасының Н. Дәулетова атындағы залында мейірім мен ізгілік мерекесі – Алғыс айту күніне орай еліміздегі медицина саласының қызметкерлері, жедел жәрдем жүргізушілері мен полиция қызметкерлерінің пандемия кезеңіндегі жанкешті еңбектеріне құрмет ретінде алғыс білдіру шарасы өтті.
Іс-шараны ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, «Тұлға-достық» қорының директоры, ҚР Ұлттық кітапханасының «Жас қалам» клубы және «Әдебиет әлемі» орталығының жетекшісі, модератор Мұратхан Шоқан ашып, сөзді ҚР Ұлттық кітапханасы директорының орынбасары Юсупова Ажар Хамитқызына берді. А. Юсупова мерекемен құттықтап, өзінің жылы лебізін білдірді.
Іс-шарада ҚР Ұлттық кітапханасы «Қазақстан кітаптары» қызметінің топ жетекшісі Құттықыз Қасымбекова елімізде ұлт саулығы сынға түскен сәтте, адам өмірі үшін арпалысып, уақытпен санаспай, өз антына адал дәрігерлер мен жедел жәрдем жүргізушілерінің және төзімділігі мен шыдамдылығымен ерекшеленген полиция қызметкерлерінің еңбектері орасан зор екендігін атап, алғысын білдірді.
Сонымен бірге медицина саласының қызметкерлері өз жұмыстары туралы ой бөлісті.
Іс-шара барысында ҚР Ұлттық кітапханасының жас кітапханашылары Жангүл Бақытқызы «Осылай бола ма», Таңжарық Орманбеков «Күміс құмған ай» әндерін, Құрмет Қарабаев терме орындады. Сонымен қатар, Ғылыми-әдістемелік қызметінің кітапханашысы Канибай Ұлнәзік өз шығармашылығынан өлең оқыды.
Іс-шарада ҚР Ұлттық кітапханасының ұжымы Алғыс айту күніне орай, пандемия жағдайындағы ерен еңбектерінің құрметіне медицина саласының қызметкерлері: Б.Исаматов, Қ.Сұлтанқұлова, Қ.Бақбергенов, А.Сафиоллаева, М.Болатова және жедел жәрдем жүргізушісі С.Кушкелдиевтерді, полиция қызметкері Ұ.Абибулланы алғыс хатпен марапаттап, сыйлықтар табыстады.
Сондай-ақ, шараға кітапхананың қызметкерлері мен оқырмандары қатысты.