Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасы
1910 жылғы 31 желтоқсанда Верный қалалық думасының шешімімен кітапхана-оқу залының ашылуы кітапхананың негізі қаланған күні болып есептеледі. 1931 жылы Қазақ Автономиялық Кеңестік Социалистік Республикасы (ҚАКСР) Орталық Атқару Комитеті Президиумының 1931 жылғы 12 наурыздағы «ҚАКСР Мемлекеттік көпшілік кітапханасын ашу» туралы Қаулысына сәйкес кітапхана Қазақ ССР-нің Мемлекеттік көпшілік кітапханасы болып қайта құрылды.
1931 жылғы 5 мамырдан бастап оқырмандарға қызмет көрсете бастады. 1937 жылы ақпанда кітапханаға ұлы орыс ақыны А.С. Пушкиннің есімін мәңгі есте қалдыру үшін және қайтыс болуына 100 жыл толуына байланысты ақынның есімі берілді.
1991 жылы Қазақ КСР Министрлер Кабинетінің «Қазақ КСР Ұлттық кітапханасы туралы» 09.12.1991 ж. №775 Қаулысы негізінде А.С.Пушкин атындағы Қазақ ССР Мемлекеттік кітапханасы «Қазақ ССР Ұлттық кітапханасы» болып қайта аталып, ерекше құнды мәдениет объектісі ретінде мемлекеттік және қоғамдық маңызға ие болды.
2020 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің 2020 жылғы 20 қарашадағы №454 «Кейбір мәдениет ұйымдарына «Ұлттық» мәртебе беру туралы» Жарлығына сәйкес Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасына «Ұлттық» мәртебесі берілді.
Ұлттық кітапхана: республика кітапханаларының ғылыми-әдістемелік орталығы; Қазақстан баспа басылымдарының міндетті данасының депозитарийі; ҚР Білім және ғылым министрлігі Бақылау комитетінің барлық ғылым салалары негізінде Қазақстанда қорғалған кандидаттық және докторлық диссертациялардың депозитарийі; ТМД елдері авторефераттарының депозитарийі; 1993 жылдан бері ЮНЕСКО-ның ғылыми диссертацияларының және басылымдарының депозитарийі; 2005 жылдан «Мәдени мұра» Мемлекеттік бағдарламасы бойынша шығарылған әдебиеттердің депозитарийі; 2012 жылдан Алматы қаласы Қазақстан халқы Ассамблеясы басылымдарының депозитарийі болып табылады.
Кітапхананың алғашқы директоры – көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Ораз Жандосов. Ол кітапхана қызметінің негізгі міндеті ретінде «Қазақстан туралы және қазақ тіліндегі барлық баспа басылымдарын жинақтау» туралы мәселе көтерді. Кітапхана осы кезден бастап бүгінгі күнге дейін қазақ халқының және Қазақстанның басқа халықтарының жазба мәдениетін жинақтап, сақтаушы мемлекеттік ұлттық кітап қоймасы қызметін атқарып келеді.
Кітап қоры 7 млн. астам сақтау бірлігінен тұрады. Оқырмандардың жыл сайынғы келім саны - 1 млн. астам, кітап берілімі - 2 млн. данаға жуық. Оларға 1,5 мың орындық арнайы 14 оқу залы қызмет көрсетеді.
Кітапхана сайты www.nlrk.kz кітапханадағы электрондық каталогтарға және ақпараттық ресурстарға қол жеткізу мақсатымен ұйымдастырылған бірыңғай ақпараттық жүйе болып табылады. Веб-сайтқа жыл сайынғы виртуальды келушілер саны - 1,6 млн. астам.
ҚР Ұлттық кітапханасы Кітапханалық қауымдастықтар мен мекемелердің халықаралық федерациясына (IFLA, 1992), Ұлттық кітапханалар директорларының конференциясына (CDNL, 1992) және «Еуразия Кітапханалық Ассамблеясы» коммерциялық емес серіктестігіне (БАЕ, 1993) мүше. 2008 жылдан - IFLA/РАС (Сақтау және консервация) негізгі бағдарламасының аймақтық орталығы болып табылады.
Кітапхананың стратегиялық басымдықтары:
- • кітап қорын толықтыру және олардың сақталымын қамтамасыз ету;
- • сапалы кітапханалық-ақпараттық қызмет көрсету;
- • жаңа ақпараттық технологияларды енгізу және дамыту;
- • республикалық және халықаралық кітапханалық-ақпараттық жобаларды іске асыру.
Кітапхана ғимараты 1970 жылы арнайы жобамен салынған. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 21 наурыздағы №279 Қаулысымен бекітілген Республикалық маңызы бар тарихи және мәдени ескерткіштердің мемлекеттік тізіміне енгізілген.