30 наурызда ҚР Ұлттық кітапханасының Н.Дәулетова атындағы залында этнограф-ғалым, өлкетанушы, публицист Серікбол Қондыбайдың ғылыми мұрасын насихаттау мақсатында «Серікбол Қондыбайдың ғылыми мұрасы. Ұлттық гуманитарлық білім стратегиялары және руханият» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті.
Ұйымдастыраушылар: әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті, «Аспандау» ғылыми-білім беру қоры, ҚР Ұлттық кітапханасы, К. Сағадиев атындағы Халықаралық бизнес университеті.
Конференцияны әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің философия және саясаттану факультетінің деканы, философия ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Бекжан Мейірбаев жүргізді.
⠀
Іс-шарада ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, философия ғылымдарының докторы, профессор Мұрат Сәбит; абайтанушы, ағартушы, драматург, аудармашы, баспагер Роллан Сейсенбай; Серікбол Қондыбайдың ұстазы, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры Лариса Веселова; қоғам қайраткері Балсұлу Қондыбай, «Аспандау» ғылыми-білім беру қорының президенті Арнұр Нұрқатов сөз сөйлеп, Серікбол Қондыбайдың ғылыми мұрасына тоқталып, конференция жұмысына сәттілік тіледі.
⠀
Конференцияда 5 тақырыптық секция бойынша баяндамалар оқылды.
Тақырыптары:
1. Серікбол Қондыбай еңбектерінің ұлттық және әлемдік ғылыми кеңістіктегі тарихи-мәдени маңызы.
2. Серікбол Қондыбай және түрік-қазақ мифологиясы.
3. Адамзат мәдениетінің дамуындағы мифология.
4. Мифті зерттеу және философиялық түсіну тарихы.
5. Қазіргі мифология. Жаһандану және күнделікті дағдарыс.
⠀
Конференция «Мифология: кеше және бүгін» атты дөңгелек үстелге жалғасып, конференцияда оқылған баяндамалар талқыланды. Талқылау барысында К.Сағадиев атындағы Халықаралық бизнес университеті студенттерінің жобалары қатысушылар назарына ұсынылды.
⠀
Шара аясында ҚР Ұлттық кітапханасы қорынан «Серікбол Қондыбай әлемі » атты өмірі мен шығармашылығына арналған кітап көрмесі ұйымдастырылды. Сондай-ақ, дәстүрлі әншілер, халықаралық, республикалық конкурстардың лауреаттары Санат Исаев және Ерлан Мұхамет ән шырқады.
⠀
Конференция онлайн және офлайн (zoom) форматында өтті.
⠀
Қатысушылар: белгілі ғалымдар, тарихшылар, академиктер мен профессорлар, зиялы қауым өкілдері және БАҚ өкілдері.
![]() |
![]() |
![]() |