+7 (727) 267-28-83

сокбакбаев глМерзімді басылымдар қызметінің оқу залында  балалар жазушысы, ақын, сценарист Бердібек Соқпақбаевтың туғанына 100 жыл толуына орай «Балалар әдебиетінің бәйтерегі» көрмеcі ұйымдастырылды.  

Бердібек Соқпақбаев 1924 жылы 13 қазанда Алматы облысы Нарынқол ауданының  Қостөбе ауылында дүниеге келген. 1949 жылы Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының филология факультетін бітірген. Біраз жыл ауыл мектебінде мұғалім болып жұмыс істеді.

Б. Соқпақбаев журналистикамен көп айналысты, «Балдырған», «Қазақ әдебиеті» газет-журналдары редакцияларында қызмет етті. «Қазақфильм» киностудиясында редактор болды. Оны үнемі бала тәрбиесі мен педагогика мәселелері  толғандыратын. Б. Соқпақбаев шығармаларының көпшілігі өз өмірінен алынған.

Бердібек Соқпақбаевтың тырнақалды туындысы «Бұлақ» атты алғашқы өлеңдер жинағы 1950 жылы жарық көріп, оқырмандарын бірден тапты. Жазушының келесі кітаптары -  1951 жылы «Жекпе жек» повесі, 1953 жылы «Алыстағы ауылда» повесі жарық көрді. «Балалық шаққа саяхат» (1960 ж.) повесі  жастық шақтың рухани әлемін көрсетеді. «Дала жұлдызы» (1960 ж.) кітабы қазақтың демократ ғалымы Шоқан Уәлихановтың өміріне арналған. «Өлгендер қайтып келмейді» романы (1 т.-1967 ж., 2 т.- 1974 ж.), «Аяжан» (1963 ж.), «Қайдасың, Гауһар» (1966 ж.) және т.б. әңгімелері жарық көрді. 

Б. Соқпақбаев 1952 жылдан Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. Жазушыны танымал еткен «Менің атым Қожа» повесін 1957 жылы «Балалар әдебиеті» баспасы басып шығарды, кейін орыс тілінен әлемнін 68 тіліне аударылып және шетелде басылып шықты. Автордың сценариі бойынша  туынды негізінде түсірілген осыған аттас фильмі Канн Халықаралық кинофестивалі сыйлығының иегері.

Қазақтың белгілі балалар жазушысы Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО-ның еске алынатын Күнтізбесіне енді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Қазақстанда жазушының 100 жылдығын мерекелеу басталды. Б. Соқпақбаевтың туған ауылы Нарынқолда ескеркіш орнатылып,  жазушының есімі саябаққа, білім мекемелеріне, облыстық кітапханаға беріледі деп жоспарлануда.

Көрмеге ҚР Ұлттық кітапханасының  қорынан автордың  мақалалары, қоғам қайраткерлері, замандастары мен достарының мерзімді басылым беттеріне әр жылдарда жарияланған  материалдары мен естеліктері ұсынылған.

                                                 Барлықтарыңызды көрмеге шақырамыз!