TELEPHONE FOR INFORMATION: +7 (727) 267-28-83

26.04.2024

Title:
26 сәуір, сағат 15:00-де «Нұрбапа Өмірзақов: қоғамдық-саяси және мемлекеттік қызметі» атты монографиясының тұсаукесері өтеді.
Date:
26.04.2024
Location:

Description

2024 жылғы 26 сәуір, сағат 15:00-де ҚР Ұлттық кітапханасының Н. Дәулетова атындағы залында Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Архив, құжаттама және кітап ісі комитетінің «Орталық мемлекеттік архив» РММ мен «Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасы» РММ бірлесе отырып, көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, Қазақ ҚСР Орталық Атқару Комитетінің төрағасы (1937-1938), 1938 жылдың қаңтарда КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумы төрағасының орынбасары болып сайланып, 30 жасында мемлекеттік биліктің ең жоғарғы органдарында басшы қызметтер атқарған Нұрбапа Өмірзақовтың өмірі мен қоғамдық-саяси және мемлекеттік қызметіне арналған Сәбит Шілдебай мен Гүлмира Садықованың «Нұрбапа Өмірзақов: қоғамдық-саяси және мемлекеттік қызметі» атты монографиясының тұсаукесерін өткізеді.

Шараның мақсаты – ХХ ғасырдың 20–30-жылдарындағы сұрапыл кезеңде туған халқына қызмет етіп, оны түрлі тауқыметтерге ұрындырмай алып шығуға күш салған қазақ қайраткерлерінің бірі – Нұрбапа Өмірзақовтың тұлғасы, оның қазақ халқына сіңірген қызметі арқылы тарихтың ақтаңдақ беттерін ашу, отандық тарихи тұлғатану ғылымына үлес қосу, өскелең ұрпақты отансүйгіштік пен адамгершілікке тәрбиелеу, қазақ қайраткерлерін еске алып, олардың мұрасын жастарымызға жеткізу болып табылады.

Кітапта Нұрбапа Өмірзақовтың қоғамдық-саяси және мемлекеттік қызметінің Қазақстан кезеңі (1907-1938 жылдар) тың архив құжаттарының негізінде зерттеліп, қайраткердің тарихи тұлғасы қалпына келтірілген.

Кітап шартты түрде 3 бөлімнен тұрады:

Бірінші бөлім Н. Өмірзақовтың қоғамдық-саяси және мемлекеттік қызметінің Қазақстан кезеңіне қатысты монографиядан тұрады. Зерттеу жұмысында С. Шілдебай шәкірті Г. Садыковамен бірге Н. Өмірзақовтың өмірі мен қызметін тың архив құжаттары негізінде зерделеп, қайраткердің тұлғалық келбетін кешенді түрде қалпына келтіруге талпыныс жасаған.

Зерттеу жұмысының қосымша (екінші) бөлімі «Нұрбапа Өмірзақовқа қатысты архив құжаттары» деп аталады және онда қайраткердің тұлғасы мен ХХ ғасырдың 20–30 жылдарындағы тарихи үдерістер мен құбылыстарды тереңірек танып-білуге септігін тигізетін 60 құжат жарияланған. Бұл құжаттар архив құжаттарын жариялауға қойылатын барлық талаптарға сәйкес даярланып, тұңғыш рет ғылыми айналымға енгізіліп отыр.

Кітаптың «Ғылыми-анықтамалық аппарат» деп аталатын (үшінші) бөлімінде Н. Өмірзақовтың өмірі мен қызметінің биохроникасы, зерттеудің библиографиясы, пайдаланылған архив қорларының, мерзімді басылымдар мен әдебиеттердің және қысқарған сөздердің тізімі мен есімдер көрсеткіші берілген.

Кітап тарихшыларға, ізденушілерге, білімгерлерге, сондай-ақ еліміздің тарихына қызығушылық танытатын көпшілік қауымға арналған.

Қатысушылар: тарихшы ғалымдар, студенттер, магистранттар, докторанттар және БАҚ өкілдері, Н. Өмірзақовтың туыстары мен жерлестері, сондай-ақ, осы тақырыпқа қызығушылық танытатын барлық азаматтар шақырылады.

Кітап шоу - 2024