TELEPHONE FOR INFORMATION: +7 (727) 267-28-83

15.05.2024

Title:
15 мамыр, сағат 15.00-де Кемал Ақышевтың туғанына 100 жыл толуына арналған «Ұлы Дала ғалымы» атты дөңгелек үстел өтеді
Date:
15.05.2024
Location:

Description

15 мамыр, сағат 15.00-де ҚР Ұлттық кітапханасының Н.Дәулетова атындағы залында көрнекті ғалым, археолог Кемал Ақышевтың туғанына 100 жыл толуына арналған «Ұлы Дала ғалымы» атты дөңгелек үстел өтеді.

Кемел Ақышев – белгілі археолог-ғалым, Қазақстандағы археология ғылымының және археология мектебінің негізін салушы.

Әлемге әйгілі ескерткіштер: сақ қорғандары, Бесшатыр қорымдары, Есік қорғаны, әйгілі Отырар және басқа да ортағасырлық Ұлы Жібек жолы қалаларының ашылуы мен зерттелуінің арқасында Кемал Ақышевтың есімі тәуелсіз Қазақстан тарихына жазылды. «Алтын адам» тәуелсіз Қазақстанның символына айналды. Бұл жәдігер еліміздің даңқын әлемге паш етті.

Ол екі жүзден астам еңбек пен он бес кітаптың авторы, Қазақстандағы тарих ғылымының қалыптасуы мен дамуына орасан зор үлес қосты. Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген ғылым қайраткері, Ш.Уәлиханов атындағы сыйлықтың лауреаты, ҚазКСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, «Құрмет белгісі» және «Парасат» ордендерінің иегері, 1-дәрежелі Отан соғысы орденімен, «Жауынгерлік ерлігі үшін»,  «Ұлы Отан соғысында Германияны жеңген үшін» медальдарымен, «Парасат» орденімен,  Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен және басқа да марапаттармен марапатталған. Оның есімі Қазақстанның Алтын Құрмет кітабына енген.

Іс-шараға қатысушылар: көрнекті ғалымдар, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері, тарихшылар, археологтар, мұражай қызметкерлері, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің, Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінің профессорлық-оқытушылар құрамы, докторанттар мен магистранттар, студенттер, туған-туыстары және Қ.Ақышевтың достары, кітапхана оқырмандары.

Модератор Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институты Ғылыми Кеңесі төрағасының орынбасары, тарих ғылымдарының кандидаты Мамиров Талғат Базарбайұлы.

Шара аясында Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасының қорынан «Ұлы Дала ғалымы» кітап көрмесі ұйымдастырылып, Қ.Ақышевтың еңбектері, ол туралы әдебиеттер мен естеліктер, мерзімді басылым беттерінде жарияланған мақалалар, сондай-ақ оның редакторлығымен және құрастыруымен жарыққа шыққан әдебиеттер ұсынылады.

Кітап шоу - 2024