+7 (727) 267-28-83

кемелақ

Өнер бөлімінің оқу залында ғалым-археолог, тарих ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан археология ғылымының негізін қалаушы Кемел Ақышевтың 100 жылдығына арналған «Қазақ археологиясы ғылымының атасы» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды.

Кемел Ақышұлы Ақышев 1924 жылы 23 мамырда Павлодар облысы Баянауыл ауданының Керегетас ауылында дүниеге келген. Кемел Ақышев әскери училищеге түсіп, оны бітіргеннен кейін майданға аттанады. Майданнан оралған ол 1950 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің тарих факультетін бітірген. КСРО Ғылым академиясы Археология институты Ленинград филиалының аспирантурасына түсіп, 1953 жылы Мемлекеттік Эрмитаждың Ғылыми кеңесінде кандидаттық диссертациясын қорғады. Студенттік жылдары археологиялық қазбаларға қатысқан. 1955 жылы Қазақ КСР Тарих, археология, этнография институтының археология бөлімінің меңгерушісі, кейін Ә. Марғұлан атындағы Ұлттық Ғылым академиясы Археология институтының бас ғылыми қызметкері болды. 2000 жылы Астанаға қоныс аударып, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде археологиялық реконструкциялау зертханасының негізін қалады.

Оның ғылыми өмірбаянында 1950 жылдардың аяғында қазба жұмыстары кезінде тапқан сақ дәуіріндегі Бесшатыр қорымының алатын орны ерекше. Қазақстанның ежелгі және орта ғасырлардағы дүниежүзілік маңызы бар ескерткіштері: «Алтын адам» (б.з.б.V-IVғ.), Бесшатыр (б.з.б.VI-Vғ.), Отырар, Есік өңірінен табылған жәдігерлер зерттелді. Ол қола және ерте темір дәуірі мәдениеттерін кезеңге бөлу және мерзімдеу мәселелерін анықтады. Ежелгі Қазақстан тарихы бойынша негізгі қорытындыларды жасауға белсене қатысты. Ежелгі Қазақстанның Орталық Азия өркениет жүйесіндегі орнын анықтауға маңызды үлес қосты.

Кемел Ақышев Қазақстан археологиясының негізін салып қана қоймай, үлкен мектеп қалыптастырды. Оның 200-ден астам ғылыми еңбектері мен 15 кітабы бар.

К.А. Ақышевтің ерен еңбегі мемлекет тарапынан жоғары бағаланды – КСРО «Құрмет белгісі» орденімен, «Жауынгерлік ерлігі үшін», «Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін» медальдарымен, ҚР «Парасат» орденімен марапаталды. Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген қайраткері, Германия археологиялық институтының корреспондент-мүшесі, есімі Қазақстанның Құрмет Алтын кітабына енгізілген.

К.А. Ақышевтың өмір жолы археология ғылымымен тығыз байланысты болды. Оның еңбегінің маңыздылығы және ғылым мұрасының ауқымдылығы сонша, ғалымның идеялары мен ол жариялаған материалдары ұзақ жылдар бойы отандық және әлемдік ғылымның назарында болады.

Көрменің мақсаты – К.Ақышевтың ғылыми еңбегі мен қызметін насихаттау, өскелең ұрпақтың патриоттық сезімін ояту, ұлттық тарихқа деген сүйіспеншілікке тәрбиелеу.

Кітап көрмесінде Қ.Ақышевтың өмірі мен шығармашылығының қайталанбас қырларын көрсететін кітаптар: «Древние и средневековые государства на территории Казахстана»;  «Отрар в XIII-XV веках»; «Археологияның шыңына шыққан»; «Археологические исследования в Казахстане»; «Қазақстанның көне алтыны» және т.б. кітаптары, сондай-ақ мерзімді басылымдардағы мақалалары, ол туралы материалдар ұсынылған.

Кітап шоу - 2024