2020 жылғы 18 маусымда Қазақстандық Кітапханалық Одағы мен Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасының бастамасымен және ұйымдастырумен республикалық онлайн-тренинг өтті.
Онлайн-тренинг модераторы ҚР Ұлттық кітапханасы директорының кітапханалық жұмыстар жөніндегі орынбасары, Қазақстандық Кітапханалық Одағының атқарушы директоры А.Х.Юсупова болды.
Коуч-тренер, Л.Н.Толстой атындағы Қостанай облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының директоры Дүйсебаева Дариха Төребайқызы «Цифрлық технологияның дамуы жағдайындағы кітапханалық медиасауаттылық» тақырыбында дәріс оқыды.
Заманауи кітапхана – тек кітаптар сақталатын орын ғана емес, ол әлеуметтік коммуникацияның, құнды ақпараттардың үлкен әлемі. Сол себепті де, кітапханалардың ең негізгі қызметінің бірі ақпараттық қызмет болып қала бермек.
Қазақстан өңірлеріндегі кітапхана өкілдерінің өзара тәжірибе алмасуына, сан алуан ақпарат пен ресурстар арасынан ең қажеттісі мен бағалысын іріктеуге, масс-медиаға қатысты сыни ойлау және креативті дағдыларын дамытуға бағытталған оқыту семинарлары мен тренингтер өткізу тәжірибе алмасудың бір үлгісі болып табылады.
Кітапханалардағы цифрлық индустрияны дамытуға тың серпін беретін онлайн-тренингте «Медиасауатты болу деген нені білдіреді?» және «Медиасауаттылық дағдыларын қалайша дамытуға болады?» деген сұрақтарға жауап ретінде – кітапханаларда ақпараттық мәдениетті қалыптастыру мәселелері қозғалды. Кітапханалық мамандық алдында тұрған заманауи сын-тегеуріндер туралы айтылды.