+7 (727) 267-28-83

бердыгалиева

28 қыркүйек күні ҚР Ұлттық кітапханасының Роза Бердіғалиева атындағы залында ақын Ынтызар Әбішев туралы «Жоғалған жыр» фильмі мен «Өмірде өлең ғана – бар асылым» кітабының тұсаукесері өтті.

Небәрі орда бұзар 30 жасында ауру алып тынған, сүйегі туған жерінен алыста, сонау Қырымда қалған, «Қазалының Пушкині» атанған ақын Ынтызар Әбішевтің көзі тірісінде ғана емес, өмірден өткен соң да тартқан қасіреті аз емес. Себебі, ол – іздеусіз қалған ақын. Жырлары жоғалған, тоналған. Тағдыры тауқыметке толы. Артында ұрпақ қалмаған ақынның бар байлығы – өлеңдері, қолжазбалары талан-таражға түсіп, тіпті, кейбір пысықайлар өз атынан кітап та шығарып үлгерген. Міне, осыдан кейін-ақ оның кітабын құрастырған немере інісі Нұршайық Әбдуәли мен досы Нұрсұлтан Мықтыбайға ақынның ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кеткен өлеңдерін жинап, бас-аяғын бүтіндеу оңайға соқпағанын көруге болады.

Сондықтан да болар, аз ғана ғұмырында өлеңге ғана мұң шағып, қаламы ғана шынайы жан жолдасы болған Ынтызар Әбішевтің белгілі, белгісіз, жоғалған, табылған туындыларының увертюрасындай осынау жинағы – оны білетін көзкөргендерден бөлек, өзі туып-өскен тұтас бір ауылдың асыға күткен жаңалығы екендігі даусыз.

Аталған шараның ҚР Ұлттық кітапханасында өтуінің өзіндік себебі де жоқ емес. Өйткені, арманда өтіп, шерменде кеткен ақынды 52 жылдан кейін халқымен қайта қауыштыруға Бақытжамал Оспанова бастаған ұжымның сіңірген еңбегі зор. Осы кітапхананың Анықтамалық-ақпараттық қызмет көрсету қызметінің қызметкерлері Ы. Әбішевтің өлеңдері жарияланған газеттерді тауып, оның жоғалған жырларын қалпына келтіруге, жинағының шығуына қомақты үлес қосқанын ерекше атап өту қажет.

Сыр елінің талантты да тағдырлы перзенттерінің бірі Ынтызар Әбішев туралы фильм мен оның жыр жинағының тұсаукесер рәсімін Қазақстан Жазушылар одағының Басқарма төрағасының орынбасары, ақын, профессор Бауыржан Жақып және Ұлттық кітапхана директорры Бақытжамал Оспанова ашып, арманда кеткен ақынның қасіретке толы тағдырына тоқталды. Ақынның арманын орындап, жарты ғасырдан соң кітабын жарыққа шығарған ұрпақтары Н. Әбдуәли мен Н. Мықтыбайға алғысын жеткізді.

Одан әрі қадірменді меймандар Бауыржан Жақып, жазушы Мағира Қожахметова, танымал дәстүрлі әнші, белгілі композитор Сәуле Жанпейісова, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Журналистика факультеті деканының міндетін атқарушы, халықаралық Еуразиялық Телерадио академиясының академигі Мәншүк Мұқашева ақынның «Өмірде өлең ғана – бар асылым» кітабының тұсаукесер рәсімін жасап, лентасын қиды. Артынан қонақтар ағынан жарыла сөз сөйлеп, пікірлерін ортаға салды. Сәуле Жанпейісованың шәкірттері Жайна Барахатова, Дидар Шонаев, Нұрсұлтан Өтеген ақынның сөзіне жазылған әндерді орындап, жиналған қауымға ерекше көңіл-күй сыйлады.

Осы шараға сонау Сыр елінен арнайы келген ақынның немере інісі Кәмен Әбішев, Рабиға Қайып, Набат Оспанова, Нұршайық Әбдуәли түрлі естеліктер айтып, Ынтызар Әбішевтің ауыр да азапты тағдыры туралы әңгімеледі.

Кеш соңында ақынның ұрпақтары мен шараға қатысушылар Бақытжамал Қайырбекқызы бастаған Ұлттық кітапхана ұжымына алғыстарын жеткізіп, ақын туралы фильм мен оның 5 дана кітабын кітапхана қорына сыйға тартты.

берды1   берды2   берды3