+7 (727) 267-28-83

Герои ВОВ глӘлем әдебиеті залында Кеңес Одағының Батырлары Әлия Молдағұлова, Сағадат Нұрмағанбетов, Халық қаһарманы Рақымжан Қошқарбаевтың 100 жылдығына және Иван Бабиннің 125 жылдығына арналған «Екінші дүниежүзілік соғыстағы қазақстандық батырлар» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды.

Екінші дүниежүзілік соғыстағы Қазақстан жауынгерлері жаппай батырлық пен ерлік таныта отырып, барлық жауынгерлік майдандар мен шайқастарға қатысты. Соғыс жылдарында майданға 1 млн 200 мың қазақстандық жұмылдырылып, 600 мыңнан астам адам қаза тапты. Қазақстаннан 100 мыңнан астам жауынгер жауынгерлік ордендермен және медальдармен марапатталды, 500-ден астам адам Кеңес Одағының Батыры атағына ие болды.

Молдағұлова Әлия Нұрмұхамбетқызы 1925 жылы 25 қазанда Ақтөбе облысы Қобда ауданы Бұлақ ауылында дүниеге келді. 1942 жылы Қызыл әскерге өз еркімен аттанды. 1943 жылы мергендер мектебін аяқтап, сол жылы майданға аттанды. 2-ші Балтық майданы 26-шы атқыштар дивизиясының құрамында соғысқан. Соғыста ол батылдығымен, батырлығымен ерекшеленіп, асқан мергендігімен танылды. 1944 жылы 14 қаңтарда фашистердің бекінісін алу кезінде жараланып, қаза тапты. Ол жаудың 78 сарбазы мен офицерінің көзін жойды. 1944 жылы 4 маусымда Әлия Молдағұловаға қайтыс болғаннан кейін "Кеңес Одағының Батыры" атағы берілді.

Нұрмағанбетов Сағадат Қожахметұлы 1924 жылы 25 мамырда Ақмола облысы Ақкөл ауданы Қосым ауылында дүниеге келді. 1943 жылдан 1945 жылға дейін пулемет взводының командирі ретінде майдандарда соғысқан. Ол Краснодар өлкесін, Украинаны, Молдованы және Польшаны азат етуге, сондай-ақ Гитлердің рейхсканцеляриясының ғимаратына шабуыл жасауға қатысты. 1945 жылғы 27 ақпанда оған "Кеңес Одағының Батыры" атағы беріліп, "Алтын жұлдыз" табысталды. 1991 жылғы қазанда ҚР Президентінің Жарлығымен Мемлекеттік қорғаныс комитетінің төрағасы, ал 1992 жылғы мамырда Қазақстанның Қорғаныс министрі болып тағайындалды. 1994 жылы Президенттің Жарлығымен оған "Халық қаһарманы"атағы берілді. 2013 жылы Алматы қаласында қайтыс болды.

Қошқарбаев Рақымжан Қошқарбайұлы 1924 жылы 19 қазанда Ақмола облысы Тайтөбе ауылында дүниеге келді. 1942 жылы әскер қатарына шақырылды. Польша мен Германия аумағында соғысқан. Берлин операциясында батылдық пен ерлік көрсетті. Қошқарбаев қатардағы жауынгер Г. Болатовпен бірге Рейхстагқа туды бірінші болып көтерді. Берлин мен Рейхстагтағы шайқастары үшін Қызыл Ту орденімен; Одер өзені арқылы өткен шайқастары үшін 1 дәрежелі Отан соғысы орденімен және "Берлинді алғаны үшін" медалімен; 1985 жылы 1, 2 дәрежелі Отан соғысы орденімен марапатталған. Р.Қошқарбаев 1988 жылы Алматы қаласында қайтыс болды. Қазақстан Республикасы Президентінің 1999 жылғы 7 мамырдағы Жарлығымен қайтыс болғаннан кейін оған "Халық Қаһарманы" атағы берілді.

Бабин Иван Васильевич 1899 жылы Павлодар облысы Железинка ауылында дүниеге келді. 1941 жылы Жұмысшы - Шаруа Қызыл әскері қатарына шақырылды. 1941 жылдың маусымынан бастап екінші дүниежүзілік соғыс майдандарында болды. 1944 жылы кіші сержант Иван Бабин 1-ші Украина майданының 38-ші армиясы 1-ші кавалериялық корпусының 1-ші гвардиялық атты әскер дивизиясының 5-ші гвардиялық атты әскер полкінің бөлімшесін басқарды. КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1945 жылғы 10 сәуірдегі Жарлығымен И.В.Бабинге қайтыс болғаннан кейін "Кеңес Одағының Батыры" атағы берілді.

Кітап көрмесінде ҚР Ұлттық кітапханасы қорынан қазақстандық батырлардың өмірі мен ерліктері туралы материалдар, олар туралы әдебиеттер ұсынылды. Көрме оқырмандарды Екінші дүниежүзілік соғыс оқиғаларына арналған, әлем халықтарының тілдеріндегі басылымдармен таныстырады.

Барлықтарыңызды кітап көрмесіне шақырамыз!

герои молдагулова   герои нурмаганбетов   герои кошкарбаев   герои бабин