+7 (727) 267-28-83

галузо

«Қазақстан кітаптары» қызметінің Ө.Сұлтанғазин атындағы ғалымдар залында ғалым, биология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі И.Г.Галузоның   туғанына 125 жыл толуына  орай «Паразитология ғылымын дамытушы» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды. 

Илларион Григорьевич Галузо 1899 жылғы 8 сәуірде Белорусь КСР-нің Витебск облысы  Сенненский ауданының Даргейка ауылында  дүниеге келген. 1921 жылы мектеп бітіргеннен кейін Петроград малдәрігерлік институтына оқуға түседі. Мұнда ол паразитологияға қызығушылық танытып, студент кезінде танымал профессор – протозоолог В.Л.Якимовтың лабораториясында жұмыс істей бастады. Илларион Григорьевич ветеринарлық институтты бітіргеннен кейін Ленинград ветеринарлық-бактерологиялық институтына ветеринарлық стажер болып қабылданады. 1930 жылы И.Г.Галузо КСРО ҒА-ның Зологиялық институтының аспирантурасына түсті. 1933 жылы аспирантураны бітіріп, Сталинабад (Душанбе) қаласындағы КСРО Ғылым академиясының жаңадан ұйымдастырылған тәжік базасына барады. Тәжікстанда 3 жылдам астам зоология және паразитология секторында бас маман болып жұмыс істеді. Осы кезеңде оған биология ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесі берілді.

1937 жылы КСРО ҒА президиумының шешімімен И.Г.Галузо Қазақ КСР Ғылым академиясының Қазақ филиалына паразитология зертханасының меңгерушісі болып ауыстырылады. Осы кезден бастап оның барлық қызметі Қазақстанмен тығыз байланыста болады.       

1946-1951 жж. – Қазақ КСР ҒА-ның қазақ филиалы директорының орынбасары, Қазақ КСР Ғылым академиясы Президиумының академик-хатшысы. 1951-1967 жж. – Зоология институтының директоры. Қансорғыш кенелер, қарапайым жәндіктердің фаунасы, экологиясы және биологиясы туралы негізгі (КСРО Мемлекеттік сыйлығы, 1951 ж.) ғылыми еңбектері бар.

Қазақ КСР еңбек сіңірген ғылым қайраткері (1946), Еңбек Қызыл Ту (1950) және Ленин (1953) ордендерімен марапатталған.

Кітап көрмесі екі бөлімнен тұрады. «Көрнекті ғалым - паразитолог» кітап көрмесінің бірінші бөлімінде Илларион Григорьевич Галузоның өмірі мен қызметі туралы материалдар: энциклопедиялар, анықтамалықтар және ол туралы әдебиеттер ұсынылған.

«И.Галузо зерттеген ілім» атты екінші бөлімінде оның   «Чесотки овец» (1945),  «Кровососущие клещи Казахстана» бес  томдық (1946, 1947, 1948, 1950, 1953), «Чесотка овец и новейшие методы борьбы с ней» (1954),  «Чесоточные клещи и чесотки овец» (1957), «Аргасовые клещи» (1957) еңбектері қойылған.

Кітап көрмесінің мақсаты – көрнекті ғалым еңбектерін кеңінен насихаттау және оның ғылыми қызметімен оқырмандарды таныстыру.

Әлемге әйгілі ғалым – И.Г.Галузо іргелі зерттеулерді жекелеген қолданбалы міндеттерді шешумен шебер үйлестірді. Ол практикалық ветеринария мен медицинаға үлкен үлес қосты.

Сіздерді кітап көрмесіне шақырамыз!