1 желтоқсанда ҚР Ұлттық кітапханасында Қазақстан Республикасы Президентінің Кеңесшісі Отарбаев Мәлік Нұржанұлының қатысуымен өскелең ұрпақты оқу мен әдебиетке тарту және сауатты қазақстандық қоғамды қалыптастыру мәселелері бойынша кездесу өтті.
Іс-шараның мақсаты - кітапхана саласындағы мәселелерді қарастыру және олардың шешу жолдарын ұсыну, сондай-ақ кітапхана ісін одан әрі дамытуды, ел азаматтарының рухани өмірін жетілдіруді анықтау.
Шараның модераторы балалар жазушысы, әдебиет сыншысы, алаштанушы ғалым, ҚР Үкіметі жастар сыйлығының лауреаты, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі Елдос Тоқтарбай болды. Сөз Қазақстан Республикасы Президентінің Кеңесшісі М. Н.Отарбаевқа берілді. Ол өз сөзінде кітапхана саласына қатысты көптеген мәселелерді көтерді, кітапханашылардың ұсыныстарын тыңдап, қатысушылардың сауалдарына жауап берді.
ҚР Ұлттық кітапханасы директорының кітапхана жұмысы жөніндегі орынбасары А.Х. Юсупова халықтың кітап оқу белсенділігін арттыру бойынша баяндама жасады.
Сондай-ақ, Зағип және нашар көретін азаматтарға арналған республикалық кітапханасының директоры А.Қ. Байұзаковтың «Зағип және нашар көретін азаматтарға арналған жобалар мен іске асырылған шаралар», Алматы қаласы орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры М.Е. Бектембаевтың «Алматы қаласында жаңа үлгідегі кітапханалар құру бағыттары» және ҚР Ұлттық кітапханасының Көрмелер және мәдени бағдарламалар қызметінің маманы Біләл Ертайдың жастар арасында оқуды насихаттау тақырыптары бойынша баяндамалары тыңдалды. Іс-шараға 150-ге жуық маман қатысты: Зағип және нашар көретін азаматтарға арналған республикалық кітапхана, Алматы қаласының орталықтандырылған кітапханалар жүйесі, Алматы және Алматы облысына қарасты көпшілік кітапханалар, жоғары оқу орындары, колледждер мен мектеп кітапханаларының басшылары мен кітапханашылары. Кездесуге қатысушылар қазақстандық кітапханалардың өзекті мәселелерін көтеріп, кітапхана ісін одан әрі жетілдіру жөнінде ұсыныстар енгізді.
Қорытындылай келе, Президент Кеңесшісі М.Н. Отарбаев кездесудің маңыздылығын және көтерілген мәселелерді, оларды шешу мүмкіндіктерін атап өтіп, сондай-ақ жиналған барлық кітапханашыларға белсенді қатысқандары үшін алғысын білдірді.