+7 (727) 267-28-83

ргб гл11 сәуірде Алматы қаласында ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева мен Ресей Мәдениет министрі Ольга Любимованың төрағалығымен Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы ынтымақтастық жөніндегі Үкіметаралық комиссияның мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық бойынша кіші комиссиясының үшінші отырысы өтті.

Жиынға ҚР Ұлттық кітапханасының директоры Оспанова Бақытжамал Қайырбекқызы қатысып, Ұлттық кітапхана мен ресейлік кітапханалардың, әсіресе, Ресей Мемлекеттік кітапханасымен бұрыннан жалғасып келе жатқан тығыз байланыстар жөнінде ерекше атап өтті. Кітапханашылардың кәсіби біліктілігін арттыру, құжаттарды сақтау мен консервация бойынша тәжірибе алмасу, тағылымдамадан өту, сондай-ақ жас мамандардың оқу-үйрету курстарын ұйымдастыру, сонымен қатар, кәсіби сапарлар, тренингтер, шеберлік сабақтары, т.б. көптеген бірлескен жобалар туралы баяндады.

Министр Аида Балаева Қазақстан мен Ресей арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстар жоғары деңгейде дамып жатқанын және бұл ынтымақтастық екі ел арасындағы байланыстырушы көпір екенін атап өтті.

Отырыс барысында тараптар өзара байланысты тереңдетуге бағытталған кең ауқымды мәселелер мен бастамаларды талқылады.

Екі елдің мәдени мекеме басшылары бірлескен жұмыстың аралық нәтижелерін бөлісті, сондай-ақ әлі де бірлесе атқаратын жұмыстарға тоқталды.

Қазақстан мен Ресейдің музей, кітапхана ісін, театр өнерін дамыту, гастрольдік қызметті жандандыру, реставраторлардың біліктілігін арттыру бойынша шеберлік сыныптарын өткізу туралы келісім жасалды.

Ольга Любимова Ресей мен Қазақстанның виртуалды мұражайын құру қажет деп санайды, соның арқасында екі ел тұрғындары ортақ мәдени мұраға еркін қол жеткізе алады. Оған жауап ретінде Аида Балаева Ресей Федерациясының мұражайларын Qazaq Culture ақпараттық-ағарту порталына біріктіруді ұсынды.

Сондай-ақ білім беру саласындағы ынтымақтастықты дамыту мәселелері талқыланды.

Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Ресей Федерациясының Мәдениет министрлігі арасында 2024-2026 жылдарға арналған мәдениет саласындағы ынтымақтастық бағдарламасына қол қойылды.

ргб1   ргб3   ргб2

 

Кітап шоу - 2024