+7 (727) 267-28-83

нурбапа гл2024 жылғы 26 сәуірде Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасында көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері Нұрбапа Өмірзақовтың өмірі мен қоғамдық-саяси және мемлекеттік қызметіне арналған Сәбит Шілдебай мен Гүлмира Садықованың «Нұрбапа Өмірзақов: қоғамдық-саяси және мемлекеттік қызметі» атты монографиясының тұсаукесер рәсімі өтті.

Ұйымдастырушылар: Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі Архив, құжаттама және кітап ісі комитетінің «Орталық мемлекеттік архив» РММ, «Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасы» РММ.

Шараның мақсаты – ХХ ғасырдың 20-30-жылдарындағы сұрапыл кезеңде туған халқына қызмет етіп, оны түрлі тауқыметтерге ұрындырмай алып шығуға күш салған қазақ қайраткерлерінің бірі – Нұрбапа Өмірзақовтың тұлғасы, оның қазақ халқына сіңірген қызметі арқылы тарихтың ақтаңдақ беттерін ашу, отандық тарихи тұлғатану ғылымына үлес қосу, өскелең ұрпақты отансүйгіштік пен адамгершілікке тәрбиелеу, қазақ қайраткерлерін еске алып, олардың мұрасын жастарымызға жеткізу болып табылады.

Кітапта Нұрбапа Өмірзақовтың қоғамдық-саяси және мемлекеттік қызметінің Қазақстан кезеңі (1907-1938 жылдар) тың архив құжаттарының негізінде зерттеліп, қайраткердің тарихи тұлғасы қалпына келтірілген.

Кітап шартты түрде 3 бөлімнен тұрады:

Бірінші бөлім Н. Өмірзақовтың қоғамдық-саяси және мемлекеттік қызметінің Қазақстан кезеңі бойынша монографиядан тұрады. Зерттеу жұмысында С. Шілдебай, шәкірті Г. Садыковамен бірге Н. Өмірзақовтың өмірі мен қызметін тың архив құжаттары негізінде зерделеп, қайраткердің тұлғалық келбетін кешенді түрде қалпына келтіруге талпыныс жасаған.

Зерттеу жұмысының қосымша (екінші) бөлімі «Нұрбапа Өмірзақовқа қатысты архив құжаттары» деп аталады және онда қайраткердің тұлғасы мен ХХ ғасырдың 20–30 жылдарындағы тарихи үдерістер мен құбылыстарды тереңірек танып-білуге септігін тигізетін 60 құжат жарияланған. Бұл құжаттар архив құжаттарын жариялауға қойылатын барлық талаптарға сәйкес даярланып, тұңғыш рет ғылыми айналымға енгізіліп отыр.

Кітаптың «Ғылыми-анықтамалық аппарат» деп аталатын (үшінші) бөлімінде Н. Өмірзақовтың өмірі мен қызметінің биохроникасы, зерттеудің библиографиясы, пайдаланылған архив қорларының, мерзімді басылымдар мен әдебиеттердің және қысқарған сөздердің тізімі мен есімдер көрсеткіші берілген.

Шараның модераторы: Қазақ радиосы Алматы студиясының жетекшісі, ақын, журналист Құтпанбай Бақыт Жағыпарұлы.

Шарада Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Отарбаев Мәлік Нұржанұлы; Алматы облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Әлиев Данияр Абзалиденұлы; Алматы облысы Райымбек ауданының әкімі Дүйсенбаев Берік Фатықұлы құттықтау сөз сөйледі.

Сондай-ақ, кітап авторы, ҚР ОМА директоры, тарих ғылымдарының кандидаты Шілдебай Сәбит Қамытбекұлы; ҚР ҰҒА-ның академигі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Қойгелдиев Мәмбет Құлжабайұлы; қоғам қайраткері, жазушы, ҚЖО мүшесі Қапалбекұлы Нағашыбек; Қазақстан ҒА-ның академигі, филол. ғыл. докт., профессор, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, ҚЖО Басқармасының хатшысы Әбдезұлы Қансейіт; «Балдырған» журналының бас редакторы, жазушы, журналист, ҚР Мәдениет қайраткері, Ыбырай Алтынсарин медалінің иегері, «Ақпарат саласының үздігі» Мағлұмов Дүйсен Мүсірәліұлы; ҚР білім беру ісінің үздігі, «Алтын арқау» мәдени-этнографиялық ҚБ төрайымы, «Қазақстан мұсылман әйелдері» ҚБ көшбасшысы, «Алтын қазық» журналының бас редакторы, журналист Қайдауылқызы Ғалия және т.б. тарихшылар, ғалымдар сөз сөйлеп, Нұрбапа Өмірзақовтың мемлекет пен қоғамдағы атқарған рөлі мен қалдырған мол мұрасына, монографиялық еңбектің маңыздылығы мен мәніне тоқталды.

Кітап тарихшыларға, ізденушілерге, білімгерлерге, сондай-ақ еліміздің тарихына қызығушылық танытатын көпшілік қауымға арналған.

нурбапа5   нурбапа2   нурбапа3   нурбапа4
нурбапа1   нурбапа6   нурбапа7   нурбапа8

 

Кітап шоу - 2024