+7 (727) 267-28-83

дерек гл2024 жылғы 30 сәуірде Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасында «Фотоөнер» республикалық қоғамдық бірлестігі мен әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Журналистика факультетінің Баспагерлік-редакторлық және дизайнерлік өнер кафедрасының ұйымдастыруымен «Деректі фото: тарихы және даму көкжиегі» атты монографияның таныстырылымы өтті.

Шараның модераторы - өнер зерттеушісі, филология ғылымдарының кандидаты Сағатбек Медеубекұлы.

Шарада тарихи тұлға, ақын Шәңгерей Бөкеевтің ұрпағы Шолпанай Аманжолова; ардагер фотосуретші Қалиғұмар Қабдешұлы; қоғам қайраткері Рысбек Сәрсенбайұлы; Қазақстан Авторлар қоғамының төрағасы Байғали Есенәлиев; ҚХР «Алтай аясы» журналының бұрынғы бас редакторы, ақын, жазушы Болат Қазезұлы; ҚХР Шыңжаң Суретшілер қоғамы төрағасының орынбасары, суретші, профессор Түсіпқан Ұлықпанұлы, ҚХР Шыңжаң өлкелік танымал фотосуретші Екпін Қасенжанұлы; ардагер фотожурналист Нұрманбет Қизатұлы сөз сөйледі.

Сонымен қатар, ғылыми еңбектің авторлары Асылхан Әбдірайымұлы, Серік Мұқышұлы және Дәурен Мақсұтханұлы кітаптың жарық көруіне қолдау білдірген «Қазақстан Авторлар қоғамы» РҚБ мен «Дарын» баспасына алғыс білдірді.

Классикалық ақ-қара түсте жарық көрген бұл кітап: ««Тәтті фото» мен «Ащы фото» терминдерін ғылыми айналысқа енгізу жолдары», «Әлемдегі деректі фото жағдайын талдау» және «Қазақстандағы деректі фотоның даму көкжиегі» атты негізгі үш тараудан, сонымен қатар авторлық тұжырым мен библиографиялық тізімдерден құралған.

Фотосурет саласы бойынша қазақ тілінде алғаш рет жарық көріп отырған монография студенттерге, магистранттарға, докторанттарға, зерттеушілерге және фотоөнерге қызығушылық білдірген қалың оқырман қауымға арналған.

Кітаптағы баға жетпес кейбір құнды фотосуреттер ҚР Орталық мемлекеттік кино-фотоқұжаттар мен дыбыс жазбалары архивінің қорынан алынды.

Шара аясында «National Geographic Qazaqstan» журналының қолдауымен Қазақстанда алғаш рет ұйымдастырылған «Деректі фото» біліктілікті арттыру курсының нәтижесі жарияланып (фотокөрме), үздіктері арнайы Сертификаттармен марапатталды.

Қатысушылар: елімізге белгілі танымал тұлғалар, сурет саласының мамандары, студенттер және БАҚ өкілдері.

дерек7   дерек8   дерек6   дерек3
дерек1   дерек5   дерек2   дерек4

 

Кітап шоу - 2024