+7 (727) 267-28-83

16ҚР Ұлттық кітапханасының мерзімді басылымдар оқу залында Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне арналған «Тәуелсіздік белестері» атты көрме ұйымдастырылды.

Жыл сайын, 16 желтоқсан күні біздің елімізде ұлттық мереке - Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні атап өтіледі. Дәл осы күні республиканың егемен мемлекет ретінде заңды мәртебесін ресімдеген «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» ҚР Конституциялық Заңы қабылданды.

1991 жылғы 10 желтоқсанда Жоғарғы Кеңес «Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының атауын өзгерту туралы» өте маңызды заң қабылдады, оның атауы Қазақстан Республикасы болып өзгертілді.

Еліміздің тәуелсіздігі декларативті емес, нақты түрде 1991 жылғы 16 желтоқсандағы «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заңның қабылдануымен іске асырылды. Конституциялық заң Қазақстанды өз аумағында толық билікке ие тәуелсіз, демократиялық және құқықтық мемлекет деп жариялады.  Конституциялық Заңмен республиканың экономикалық, құқықтық, әлеуметтік−мәдени, саяси дамуының одан әрі бағыттары нақты айқындалды. Бұл заңда мемлекеттің маңызды міндеттерінің бірі мәдениетті, дәстүр мен тілді жаңғырту және дамыту, қазақ ұлтының және басқа ұлт өкілдерінің ұлттық қадір-қасиетін нығайту болып табылады деп көрсетілген.  Конституциялық Заң мемлекеттің меншік формасының алуан түрлілігіне негізделген өзінің қаржы-несие, салық және кедендік саясатымен дербес экономикалық жүйені құру бағытын бекітті. Конституциялық Заңда бекітілген экономикалық жүйе қаржы-несие, салық және кедендік институттарын құрумен, 1993 жылы өзінің ұлттық валютасы − теңгені экономикалық айналымға енгізумен нығайтылды.

Біздің республика тез, қысқа мерзімде мемлекеттіліктің барлық қажетті атрибуттарын жасады. Мемлекеттік рәміздер − Мемлекеттік ту, елтаңба, әнұран және мемлекеттік наградалар бекітілді. Бірінші рет бірыңғай қазақстандық азаматтық орнатылды. Еліміздің тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығын қорғау үшін Конституциялық Заң өзінің күш құрылымдарын − Қарулы күштерді, Республикалық Ұланды, ішкі шекара әскерлерін құруды көздеді.

Қазақстанды Тәуелсіз мемлекет деп таныған бірінші ел Түркия болды.

1992 жылы 2 наурызда Қазақстан БҰҰ-ға толық құқылы мүше ретінде қабылданды.

Осы жылдар ішінде біз көптеген жетістіктерге қол жеткіздік. Бірінші кезекте біз мемлекет ретінде нық тұрдық, өзіміздің саяси жүйемізді құрдық. Біз әлемде нарықтық деп танылған экономикалық жүйені қалыптастырдық, шағын және орта бизнестің дамуын жоғары деңгейге көтеріп, белгілі бір әлеуметтік жүйені құрдық. Біз КСРО ыдырауынан пайда болған идеологиялық вакуумды толтырдық,  қазір бізде жаңа құндылықтар, жаңа бағдарлар бар.

2006 жылы 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасының 20 жылдығы күні Тұңғыш Президент

Н. Ә. Назарбаев Желтоқсан көшесінде Тәуелсіздік алаңы жанында орнатылған «Тәуелсіздік таңы» монументін ашты. Алматы қаласындағы Бейбітшілік көшесі 1986 жылғы қайғылы оқиғаларға естелік ретінде Желтоқсан көшесі болып өзгертілді.

Көрмеге Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасы қорынан алынған материалдар, газеттер мен журналдар қойылды.

      Көрмеге шақырамыз!

Сайтта

Қазір сайтта 175 қонақ отыр және бірде бір тіркелген пайдаланушы жоқ.