+7 (727) 267-28-83

ПА

Өнер бөлімінің оқу залында музыкатанушы, өнертану ғылымдарының кандидаты, профессор, белгілі педагог және Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген өнер қайраткері Петр Васильевич Аравиннің 115 жылдығына арналған «Қазақ музыкасының көрнекті зерттеушісі Петр Аравин» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды.

Петр Васильевич Аравин 1908 жылы 23 маусымда Самара губерниясының Сердобск уезінің Нарышкино ауылында дүниеге келген. 1925 жылы мектепті бітіріп, Саратов музыкалық техникумына түседі. 1932 жылы Мәскеу консерваториясының тарихи-теориялық факультетіне қабылданды. М.В. Иванов-Борецкийдің жетекшілігімен Мәскеу мұрағаттарында XVIII-XIX ғасырлардағы музыка тарихы бойынша түпнұсқа дереккөздермен көп жұмыс істеді. 1938 жылдан бастап Архангельск қаласында, ал 1940 жылдан бастап Калинин атындағы филармонияда оқытушы-музыкатанушы болып жұмыс істеді. 1941 жылы П.В. Аравин майданға өз еркімен барды. 1946 жылдың басында ол Кишинев консерваториясының директоры болып тағайындалды. 1948 жылы оны Алматы консерваториясының директоры Ахмет Жұбанов Қазақстанға шақырды.

Қазақстанға қоныс аударған П.В. Аравин қазақ музыкатануына арналған материалдарды әзірлеу мақсатында ғылыми жұмысқа кірісті. Ол алғашқылардың бірі болып дәстүрлі қазақ музыкалық аспаптарын, жанрларын және орындаушылардың өмірбаяндарын зерттеуге қатаң ғылыми көзқарасты қолданып, дербес қазақ музыкатану мектебінің негізін қалады. Ол Құрманғазы мен Дәулеткерей туралы жаңа материалдар ашты. Жиналған материалдар негізінде П.В.Аравин өзінің диссертациясына және шығармашылығы туралы көптеген басылымдарға негіз болған Дәулеткерейдің танымал өмірбаянын жазды. Сондай-ақ Петр Васильевич қазақтың көрнекті орындаушылары, батысқазақстандық домбыра стилінің өкілдері – Сейтек, Мүсірәлі, Әлікей, Түркеш және т.б. туралы көптеген құжаттарды тауып, талдап, ғылыми айналымға енгізді. Аравиннің шығармалары Қазақстанның музыкалық мәдениетінің ұлттық ерекшелігін тануға, домбыра мен күй жанрының танымал болуына ықпал етті. Оның еңбектері Қазақ КСР Ғылым Академиясының «Классикалық зерттеулер» іргелі жинағының 14-томына, ал есімі Ресей мен Қазақстанның өмірбаяндық және энциклопедиялық сөздіктеріне енді.

П.В.Аравин ғылыми жұмыстармен қатар ұстаздық қызметпен үздіксіз айналысты, теледидарда ғылыми-танымдық бағдарламалар жүргізді, мерзімді баспасөз беттерінде жиі музыка сыншысы немесе публицист қызметін атқарды. Оны «қазақ әуендерінің тамаша білгірі» деп атаған.

1954 жылы П.В.Аравин тарихи-теориялық факультетте ашылған музыка тарихы кафедрасын басқарады, ал 1967 жылы өнертану ғылымы бойынша кандидаттық диссертациясын қорғап, осы кафедраның доценті болды. 1977 жылы профессор атағын алды.

П.В. Аравин 1979 жылы 23 мамырда қайтыс болып, Алматыда жерленген.

Аравин Петр Васильевич ҚР «Парасат», «Отан» ордендерімен, КСРО-ның «Германияны жеңгені үшін», «Еңбектегі ерлігі үшін» медальдарымен, «Алтын Жұлдыз» сыйлығымен, түрлі құрмет грамоталарымен марапатталған, «Алматы қаласының Құрметті азаматы» атағы берілген.

Көрменің мақсаты – көрнекті музыкатанушы, қазақ музыкасын зерттеуші Петр Васильевич Аравиннің музыкалық және ғылыми мұрасын дәріптеу.

Кітап көрмесінде П.В.Аравиннің өмірін, шығармашылық және педагогикалық жолын ашып көрсететін кітаптар ұсынылған: авторлық кітаптар – «Даулеткерей и казахская домбровая музыка XIX века», «Степные созвездия», «Жанры казахской инструментальной музыки», «Куддус Кужамьяров», «Ахмет Жубанов»; П.Аравин, Н.Лапченков «Народное творчество – основа реалистической музыки»; «История казахской музыки»; Н.С.Кетегенованың «Композиторы и музыковеды Казахстана»; У.Джумакованың «Творчество композиторов Казахстана 1920-1980-х годов. Проблемы истории, смысла и ценности»; «История казахского искусства»; А.Сейдімбектің «Қазақтың күй өнері. Монография»  және т.б.

Сондай-ақ мерзімді басылым беттерінде жарияланған Қазақстан халықтарының музыка тарихына арналған көптеген басылымдар оқырмандарға ұсынылады.

Кітап көрмесіне шақырамыз!

Кітап шоу - 2024