+7 (727) 267-28-83

жусуп эмблема

 "Қазақстан кітаптары" қызметінің О. Жандосов атындағы оқу залында белгілі қазақ ақыны, ойшыл, тарихшы, халық ауыз әдебиетін жинақтаушы Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының 165 жылдығына арналған «Алашқа аты мәлім Мәшһүр Жүсіп» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды.

Көрнекті қазақ ақыны, публицист, этнограф және ағартушы Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы 1858 жылы Павлодар облысы, қазіргі Баянауыл ауданы Қызылтау аумағында дүниеге келген. Жүсіп 15 жасына дейін Қамар хазірет медресесінде оқиды. 1872 жылы халық ауыз әдебиеті туындыларын жинау үшін Солтүстік және Орталық Қазақстанды аралайды. 1887-1890 жж. Мәшһүр  шығыс тілі білімін тереңдету мақсатында Орта Азияға саяхат жасап, Түркістан, Ташкент, Самарқанд, Бұхара қалаларында тұрып, көптеген ғалымдар және ақындармен, соның ішінде академик В.В. Радловпен кездеседі. Сол жылдары Жүсіп Көпейұлының мақалалары мен өлеңдері Қазанда басылып шығады. Оның "Хал-ахуал", "Сарыарқаның кімдікі екендігі", "Тіршілікте көп жа­сағандықтан көрген бір тама­шамыз" атты кітаптары ел ішінде жақсы таныла бастайды. Машһүр "Ер Көкше", "Ер Сайын" және т.б. дастандарын жазады.

Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы бүкіл өмірін қазақ халқын ағартуға, өмірлерін жақсартуға арнайды. Көпейұлының ағартушылық қызметі қазақтар арасында ескі араб жазуы негізінде құрылған жаңа оқыту әдістемесі мен жаңа әліпбиді ("усули жадит") таратуымен айқын көрінеді. Балалар мен жастарды сауаттылыққа үйретуде жаңа қаріппен басылған кітаптарды қолданады.

Кітап көрмесінің мақсаты – ұлы ойшылдың еңбектерін насихаттау, оқырмандарды көрнекті тұлға өмірімен және шығармашылығымен таныстыру.

Кітап көрмесі екі бөлімнен тұрады. «Ғұлама тұлғаның өмірі» атты бірінші бөлімде Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының өмірі мен қызметі туралы мәліметтер, энциклопедиялар, өмірбаяндық анықтамалықтар және ол туралы әдебиеттер көрсетілген.

«Сөз өнерінің зергері» атты екінші бөлімде Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының шығармашылық мұрасы, оның жарық көрген 20 томдық еңбектері, әдеби хрестоматиялар, оқулықтар, қазақ поэзиясына енген түпнұсқа туындылары, "Қазақ шежіресі" (1993), (2007), 2 томдық шығармалар жинағы (2003), "Көпеев "(2005), М.Көпеевтің мерейтойының 150 жылдығына арналған «Ит дүние» (2008),"Талайды таңқалдырған Мәшһүр Жүсіп" (2008),      " Бесінші Мәшһүр Жүсіп Көпеев оқулары" (2008) таңдамалы шығармалары қойылған.

М. Көпейұлы тек ақын ғана емес, сонымен қатар халық фольклорын жинақтаушы. Ол қазақ рулары мен тайпаларының шығу тегі туралы егжей-тегжейі ерекшеленетін шежіре жазып, бай мұра қалдырды. М.Ж. Көпейұлының түпнұсқа шығармалары әр уақытта әдеби хрестоматияларға, оқулықтарға, қазақ поэзиясының жинақтарына еніп отырған.

Кітап көрмесіне шақырамыз!

Кітап шоу - 2024