+7 (727) 267-28-83

әсет бейсеуов

Өнер бөлімінің оқу залында Қазақ КСР-нің халық әртісі, композитор Әсет Көпбайұлы Бейсеуовтің 85 жылдығына арналған «Әндері әуелеген - Әсет»  атты кітап көрмесі ұйымдастырылды.

Әсет Көпбайұлы Бейсеуов Алматы облысында дүниеге келген. 1957-1960 жылдары Алматы консерваториясында оқыған. 1961-1966 жылдары Алматы облысы Текелі қаласының мәдениет үйінде музыкалық мектепте сабақ берді; 1966-1967 жылдары Есік қаласындағы музыка мектебінде мұғалім; 1967-1968 жылдары Ұзынағаш ауылындағы Мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі болды. 1969 жылдан 1974 жылға дейін Ә.Бейсеуов «Гүлдер» эстрадалық жастар ансамблінде, ал 1974 жылдан 1980 жылға дейін қуыршақ театрында жұмыс істеді. Ә.Бейсеуов қазақстандық эстрада музыкасының дамуына елеулі үлес қосты. Оның «Сырласу вальсі», «Жұлдызым», «Мұңайма», «Алмалы Алматы», «Гүлдер», «Сандуғаш», «Жайықтан қайтқан тырналар» әндері танымал.

Ә.Бейсеуов С.Балғабаевтың «Когда девушке двадцать» және А.Тауасаровтың «Многоуважаемый Икс» спектакльдеріне, «Крот и заяц» мультфильміне, «Алдар Көсе», «Жаздың соңғы күні» телефильмдеріне және т.б. музыка жазды. Композитордың бірнеше ән жинағы жарық көрді.

Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты («Гүлдер» әндер жинағы және «Қызыл сұңқарлар» әні үшін).

Көрменің мақсаты - оқырмандарды композитор Әсет Бейсеуовтің өмірімен және шығармашылығымен таныстыру, оның музыкалық шығармалары мен әдебиеттерін насихаттау.

Кітап көрмесінде Ә.Бейсеуовтің өмірлік және шығармашылық мәнін ашатын кітаптар мен ноталар, соның ішінде: «Әсеттің 500 әні» 1-2 т; «Әсеттің әсем әндері» 1-2 т; «Шақырады көктем»; «Гүлдер», «Армандастар»; «Қазақстан композиторлары»; «Қазақ өнері»; «Искусство Алматы в персоналиях»; «Қазақстан мәдениеті»; П.Момынұлы «Қазақ музыкасының қысқаша тарихы»; Ш.Сариев «Айналдым сенен, атамекен-ай»; «Қазақ әндері»; «Алматым жүрегімде»; «Ауыл кеші көңілді»; «Ән-жәрмеңке» және т.б. Сондай-ақ, оқырмандарға оның шығармашылығы туралы мерзімді басылымдар беттерінде жазылған әңгімелер ұсынылды.

Кітап шоу - 2024