+7 (727) 267-28-83

жургенов

11 қазанда Н.Дәулетова атындағы залда көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Темірбек Жүргеновтің 125 жылдығына орай еске алу кеші өтті.

Қызылорда облысы Жалағаш ауданының Жаңаталап ауылында дүниеге келген. Тұрмағамбет Ізтілеуов ұстаздық еткен ауыл мектебінде сауат ашып, кейін Аламесектегі орыс-қазақ мектебінде, Перовскідегі (қазіргі Қызылорда) Суханский атындағы  училищеде бастауыш білім алған. 1917 жылы Уфа жер шаруашылығы училищесіне оқуға түседі, осында оқып жүріп қоғамдық өмірге белсене араласады, студент жастардың әлеуметтік қозғалыстарына қатысады. 1918 жылы «Қазақ мұңы» газеті редакциялық алқасының құрамына енеді. 1919 жылы  Ырғыз уезі Кенжеғара болысы революциялық комитетінің  төрағасы қызметіне тағайындалған.

1923 жылы Ташкенттегі Орта Азия мемлекеттік университетінің құқық факультетіне оқуға жіберіледі. 1926 жылы Ташкенттің Қазақ педагогикалық институтының директоры болып тағайындалады. Жоғары оқу орындарына арналған саяси экономия және құқықтану пәндері бойынша оқу құралдарын қазақ тіліне аударды. Қазақ термелерінің жинағын құрастыруға атсалысты. 1929-1930 жылдары - Тәжікстан Үкіметінің қаржы комиссары. 1930-1933 жылдары - Өзбекстан Үкіметінің халық ағарту комиссары. 1933-1937 жылдары Қазақстан Үкіметінің халық ағарту комиссары қызметтерін атқарды. Жүргеновтің тікелей атсалысуымен «Қазақстанда мектеп жүйесін реттеу және қазақ орта мектептерін көбейту туралы» қаулы қабылданды. Жүргенов Халық ағарту комиссариатын ұлттық мәдениетті өркендету штабына айналдырды. Ол 1934 жылы Алматыда өткен Бүкілқазақстандық халық өнерпаздарының 1-слетін, 1936 жылы Мәскеудегі Қазақстан өнері мен әдебиетінің онкүндігін негізгі ұйымдастырушылардың бірі болды. Онкүндік кезінде республикамыздың өзге де мәдениет қайраткерлерімен бірге Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталды.

Т.Жүргенов - ұлттық мәдениет пен өнер саласы мамандарын даярлауға көп көңіл бөліп, қазақ жастарының КСРО-ның орталық қалаларындағы оқу орындарында білім алуына көмек көрсетіп отырды.

Т.Жүргенов  Қазақстанда алғашқы музыка театрын (қазіргі Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театры) ұйымдастыруға үлкен үлес қосты. Белгілі қазақ өнертанушысы А.В. Затаевичке  Т.Жүргенов қазақтардың музыкалық мұрасы туралы көптеген материалдарды жинақтап, тапсырды. 1937 жылы 3 тамызда «халық жауы» деген жалған айыппен ұсталып, ату жазасына кесілді. 

Кешті жазушы- журналист, жүргеновтанушы Тынышбек Дайрабай жүргізді.

Іс-шараға «Арыс» баспасының директоры Ғарифолла Әнес, жазушы Мағира Қожахметова, ардагер Қашқынбай Райымбеков, «Таң-Шолпан» журналының редакторы Нұрлыбек Самат, ғалым Дандай Ысқақ, тарих ғылымдарының докторы Светлана Смағұлова, режиссер Қалила Омаров,Т.Жүргеновтың туыстары Ғалия Қуанова, Сәбит Иманғалиев, әншілер Бақыт Шадаева, Талғатхан мен Қонақбай, Қазиев Абылайхан және т.б.қатысты.

жургенов1   жургенов2   жургенов3    
жургенов6   жургенов5   жургенов7    

 

Кітап шоу - 2024