+7 (727) 267-28-83

ахтанов суреті

«Қазақстан кітаптары» қызметінің О. Жандосов атындағы  оқу залында Қазақстанның халық жазушысы, драматург, аудармашы Тахауи Ахтановтың 100 жылдығына арналған «Рухы биік жазушы» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды.    

ХХ ғасырдағы қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдерінің бірі Тахауи Ахтанов 1923 жылы 25 қазанда Ақтөбе облысы Шалқар ауданы Шетырғыз ауылында дүниеге келген. 1940 жылы Алматы қаласындағы Қазақ педагогикалық институтының тіл және әдебиет факультетіне оқуға түседі.

Ол 1941 жылдың желтоқсанында әскерге шақырылып, 1942-1945 жылдары Ұлы Отан соғысы майданында қызмет етті. Әскери қызметін аяқтағаннан кейін, 1948-1951 жылдары Қазақ мемлекеттік біріккен баспасында редактор және бөлім меңгерушісі, 1951-1953 жылдары «Қазақфильмде» сценарий бөлімін басқарды. 1953-1954 жылдары «Әдебиет және өнер» журналының редакторы  (қазіргі  «Жұлдыз»), 1954-1955 жылдары Қазақстан Жазушылар одағының жауапты хатшысы, 1955-1957 жылдары Қарағанды облысындағы Жазушылар Одағы бөлімшесінің жауапты хатшысы, 1957-1958 жылдары Қазақ КСР Министрлер Кеңесі жанындағы өнер істері комитетінің бастығы, 1971-1972 жылдары «Жұлдыз» журналының бас редакторы, 1975-1984 жылдары республикалық Кітап палатасының директоры. Еңбектері үшін ол II дәрежелі Отан соғысы Орденімен, Қызыл Жұлдыз орденімен (екі рет), Еңбек Қызыл Ту орденімен, «Құрмет Белгісі» орденімен марапатталды.

«Рухы биік жазушы» кітап көрмесі екі бөлімнен тұрады. «Тахауи Ахтановтың жазушылық шеберлігі» атты бірінші бөлімінде Т.Ахтановтың өмірі мен шығармашылық қызметі туралы материалдар: энциклопедиялар, ол туралы өмірбаяндық анықтамалықтар бар.

Көрменің «Ұлттық драматургияның жанашыры» атты екінші бөлімі оқырмандарды жазушы Т. Ахтановтың шығармашылық қызметімен таныстырады:  «Қаһарлы күндер» (1967), «Боран» (1968, 2010, 2023), «Ана даусы» (1978), «Шырағың сөнбесін» (1981, 1992),  «Махаббат мұңы» (2005), «Свет очага» (2003, 2010), сондай-ақ «Үндістан хикаясы»  6 томдық шығармалар жинағы (2014). Алғашқы «Қаһарлы күндер» романы орыс, неміс тілдеріне, сондай-ақ КСРО халықтарының басқа тілдеріне аударылды. «Боран» романы үшін автор Абай атындағы Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығына ие болды. Роман неміс, парсы тілдеріне, сондай-ақ КСРО халықтарының тілдеріне аударылған. Жазушы А.С.Пушкиннің «Алтын әтеш туралы ертегісін», А.Н. Толстойдың «Азапты сапар» трилогиясын, С.П. Бабаевскийдің «Алтын жұлдызды жігіт» романын, И.С. Тургеновтың әңгімелерін қазақ тіліне аударды. Т. Ахтанов сонымен қатар, жетекші қазақ драматургтерінің бірі. Ол он драмалық шығарма жазды. Көрермендер арасында ең танымал «Сәуле», «Махаббат мұңы», «Әке мен бала», «Ант», «Күшік күйеу» драмалары М.О. Әуезов атындағы Қазақ академиялық драма театрының сахналарында және облыстық драма театрларда қойылды. Қызмет атқарған  жылдары ол қазақ халқының тарихы мен тұрмысын, азабы мен қайғысын өшпейтін шығармалары арқылы көрсетті. 

Көрменің мақсаты – Тахауи Ахтановтың қызмет жолымен, шығармаларымен таныстыру және насихаттау, қазақ әдебиеті мен драматургиясының дамуына елеулі үлес қосқан жазушының белгілі тұлғасына оқырмандардың назарын аудару.

 

Кітап көрмесіне шақырамыз!

Кітап шоу - 2024