+7 (727) 267-28-83

музафаралимбаев

«Қазақстан кітаптары» қызметінің О. Жандосов атындағы  оқу залында Қазақстанның халық жазушысы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты,  Қазақстанның тұңғыш Әнұраны авторларының бірі, көрнекті ақын Мұзафар Әлімбаевтың  туғанына 100 жыл толуына орай «Балалар бақытының жыршысы» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды.    

Мұзафар Әлімбаев – ересектер үшін де, балалар үшін де бірдей талантты жазатын белгілі қазақ ақыны. Ол 1923 жылы 29 қазанда Павлодар облысы Шарбақты ауданының Маралды ауылында дүниеге келген. Ақындық жолын 1939 жылы бастады. 18 жасар комсомол мүшесі Мұзафар Әлімбаев Екінші дүниежүзілік соғыстың басында өз еркімен майданға аттанады. Ол қатардағы жауынгер, өздігінен жүретін ауыр зеңбіректердің миномет батареясы командирінің орынбасары, оқу-жаттығу танкі бөлімшесінің штабында офицер болған. Майданда ол жазуды жалғастырып, өлеңдері республикалық «Социалистік Қазақстан» газетінде, Калинин және Волхов майдандарының газеттерінде жарияланған.

1965 жылы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін бітірген  (қазіргі әл-Фараби атындағы ҚазҰУ). 1948-1958 жж. – «Пионер» (қазіргі «Ақ желкен») журналында поэзия бөлімінің меңгерушісі, «Қазақ әдебиеті» газетінде бөлім меңгерушісі, бас редактордың орынбасары, 1958-1985 жж. – «Балдырған» журналының бас редакторы болды. Мұзафар Әлімбаевтың халық сүйіп тыңдайтын өлеңдеріне 300-ге жуық ән жазылған. Ол Қазақстан Республикасының тұңғыш Мемлекеттік Әнұраны сөзінің авторларының бірі болған.

Мұзафар Әлімбаев – Қазақ КСР еңбек сіңірген мәдениет қайраткері (1978). «Аспандағы әпке» атты ертегілер мен балаларға арналған өлеңдер кітабы үшін 1984 жылы Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды. Сондай-ақ, КСРО-ның ІІ дәрежелі «Отан соғысы» орденімен (1985), «Ерен еңбегі үшін» медалімен (1959), Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамоталарымен, Қазақстан Жазушылары одағының Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығымен (1992),  Жамбыл атындағы Халықаралық сыйлығымен (1996). әдебиет саласындағы еңбегі үшін Ы.Алтынсарин медалімен (1993) және «Құрмет» орденімен (1995) марапатталған.

«Балалар бақытының жыршысы» атты кітап көрмесі екі бөлімнен тұрады. «Мәйек жырдың мұзбалағы» атты бірінші бөлімде М.Әлімбаевтың өмірі мен шығармашылығы туралы материалдар: энциклопедиялар, өмірбаяндық анықтамалықтар және ол туралы әдебиеттер көрсетіледі.

 «М. Әлімбаев – тәлімгер ақын» деп аталатын кітап көрмесінің екінші бөлімінде автордың әр жылдары түрлі баспаларда жарық көрген дүниежүзі халықтарының қазақ тіліне аударған шығармалары мен аудармаларын ұсынылады. Мысалы: «Қарағанды ​​жырлары» (1952), «Құрбыма» (1954), «666 пословиц и поговорок» (1960), «Пословица – основа слова» (1963), «Мой Казахстан» (1963), «Жолдар, жырлар» (1964), «Өрнекті сөз – ортақ қазына» (1967) , «Жүрек лүпілі» (1967), «Өшпес от» (1969), «Көңіл күні» (1971), «Тәрбие туралы әнгімелер» (1972), «Балдәурен шіркін балалық» (1973), «Ту тіккен» (1974), «Көңіл күнделігінен» (1980), «Маржан сөз» (1982), «Балдәурен» (2008). Сонымен қатар, А.С.Пушкин, М.Ю.Лермонтов, В.В.Маяковский, Фирдоуси шығармаларын аударуға белсене қатысты.

Көрменің мақсаты – оқырмандарды қазақ балалар әдебиетінің өркендеуіне елеулі үлес қосқан көрнекті қазақ ақыны М.Әлімбаевтың шығармашылық және қоғамдық қызметімен таныстыру.

Кітап көрмесіне шақырамыз!

Кітап шоу - 2024