+7 (727) 267-28-83

толе би

«Қазақстан кітаптары» қызметінің О. Жандосов атындағы оқу залында қазақтың көрнекті қайраткері, Ұлы жүздің бас биі, «Жеті жарғы» заңдар жинағы авторларының бірі, шешен, ақын Төле бидің 360 жылдығына арналған «Төле бидің тәлімі» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды.

Төле би 1663 жылы Шу өзенінің (Жамбыл облысы) жағасындағы Жайсан алқабында дүниеге келген. Ол өз заманының білімді адамы болған, сонымен қатар ақындық, шешендік өнерді меңгерген. Көптеген нақыл сөздер, афоризмдер, сот шешімдері Төле би есімімен байланысты. Ол 15 жасынан бастап рулы елдің даулы істеріне араласты. Әділ қазы (би) ретінде танылды. Ол біртұтас Қазақ хандығын құру және билікті орталықтандыру жолындағы күресінде хан Тәукеның қолдауымен шықты. Ол Қазыбек Әйтеке билермен бірге жоңғар шапқыншылығына қарсы тұру үшін қазақ жүздерін бірлікке шақырды. Ұлы  жүзді Ресейге қосу барысында Тәуке ханды қолдады.

Төле би – қазақ қоғамының әлеуметтік-құқықтық нормалары заңды түрде бекітілген қазақ заңдарының «Жеті жарғы» жинағын құрастырушылардың бірі.

Төле бидің тапқырлығын, даналығын, билігінің нәзіктігін көзі тірісінде Бұқар, Қазыбек, Әйтеке мойындаған. Тәуке ханның «Жеті өсиетін» жазып, жүзеге асыруымен Төле есімі халық санасына берік орын алды.

Кітап көрмесінің мақсаты – оқырмандарға ұлы шешеннің тұлғасын, оның қазақ халқының тарихындағы рөлін таныстыру, аты аңызға айналған бидің даналығы мен өнегелі ережелері туралы әңгімелеу, халқымызды үлгі ете отырып, жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеу.          

Кітап көрмесі екі бөлімнен тұрады. Кітап көрмесінің бірінші «Кемеңгерлік келбеті» бөлімінде Төле би Әлібекұлының өмірі мен шығармашылығы туралы материалдар: энциклопедиялар, өмірбаяндық анықтамалықтар және ол туралы әдебиеттер бар.         

«Билер сөзі – ақылдың көзі» атты екінші бөлімде қазақ халқының шешендік өнеріне, ел бірлігін нығайтуға зор үлес қосқан ойшыл туралы «Қазақтың би-шешендері» (1993), «Дәстүрлі қазақ қоғамына тән билер институты» (2004), «Билер сөзі киелі» (2018), «Дәстүрлі құқықтағы билер соты» (2008), «Даланың дара ділмарлары» 2001, «Төле бидің би ретіндегі билік-шешімдері» (2010), « Төле би» (2008) және т.б. кітаптары қойылған.

Кітап көрмесіне шақырамыз!