Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасының директоры Оспанова Бақытжамал Қайырбекқызы 2023 жылғы 27 қараша және 1 желтоқсан күндері арасында Астана қаласында ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет комитетінің ұйымдастыруымен мәдениет және өнер саласы ұйымдары мен қызметкерлерінің арасында өтіп жатқан жыл сайынғы дәстүрлі «Рухани қазына – 2023» фестивалінің қазылар алқасының құрамында кітапхана саласы бойынша отырыстарға қатысуда.
Аталған іс-шараның басты мақсаты – мәдениет және өнер саласы ұйымдарының шығармашылық жетістіктерін анықтау. Талантты, өзіндік ерекшелігі бар шығармашылық ұжымдар мен орындаушыларды қолдау. Ұлттық және әлемдік мәдениет пен өнердің ең жақсы дәстүрлері мен жетістіктерін жаңғырту, дамыту, насихаттау және қатысушылардың кәсіби шеберлігін арттыру, өңірлердің мәдени мұрасын таныстыру, қызметкерлердің тәжірибе алмасуына жағдай жасау.
27 қарашада Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде өткен «Рухани қазына – 2023» фестивалінің ашылу салтанатында ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет комитетінің төрайымы Сейітова Күміс Қарсақбайқызы сөз сөйлеп, фестивалге қатысушыларға сәттілік тіледі.
Фестивальге қатысушылар кітапхана саласы бойынша «Үздік облыстық маңызы бар кітапхана», «Үздік аудандық (қалалық) маңызы бар кітапхана», «Үздік ауылдық маңызы бар кітапхана», «Балалар, жасөспірімдер немесе балалар және жасөспірімдерге арналған үздік кітапхана», «Айрықша қажеттілігі бар азаматтарға арналған үздік кітапхана», сондай-ақ «Облыстық маңызы бар кітапхананың үздік қызметкері», «Аудандық (қалалық) маңызы бар кітапхананың үздік қызметкерлері», «Ауылдық маңызы бар кітапхананың үздік қызметкері», «Айрықша қажеттілігі бар азаматтарға арналған кітапхананың үздік қызметкері», «Тахауи Ахтановтың 100 жылдығы құрметіне орай»(кітапханалар арасында) номинациялары бойынша бақ сынасады.