+7 (727) 267-28-83

Махтумкули гл

Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасының Әлем әдебиеті қызметінде Шығыстың көрнекті ақын-философы, түркімен әдебиетінің классигі Махтумкули Фрагидің 300 жылдығына арналған «Махтумкули Фраги – түркімен ақыны, әдебиетшісі, ойшылы» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды.

Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасының Әлем әдебиеті қызметінде Шығыстың көрнекті ақын-философы, түркімен әдебиетінің классигі Махтумкули Фрагидің 300 жылдығына арналған «Махтумкули Фраги – түркімен ақыны, әдебиетшісі, ойшылы» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды.

Лирикалық поэзияның жарқын өкілі Копетдагтың Оңтүстік беткейіндегі Атрек өзенінің бойында орналасқан Хаджиговшан ауылында дүниеге келген. Болашақ ақынның алғашқы ұстазы оның әкесі, белгілі ақын, теолог, «Вагзы-Азад» («Свободная проповедь»), «Бехиштнама» («Книга о рае») және т.б. философиялық трактаттар жазған Довлетмамед Азади болды. Махтумкули Фраги Хиуа медресесінде оқыған. Сонымен қатар, ол Лебап велаятындағы Ибрис баба медресесінде және Бұхарадағы Көкелташта біраз уақыт білім алған.

Медреседе оқыған жылдарында өз шығармашылығында орын тапқан мотивтер мен бейнелерге толы Шығыс поэзиясының байлығымен сусындаған. Сондай-ақ, оған Хафиз, Джами, Рудаки, Хайям, Руми және басқа көптеген парсы тілді ақындардың шығармалары таныс болды.

Махтумкулидің туындылары – түркімен поэтикалық классикасының шыңы. Замандастарына оның париоттық және гуманистік идеялары, түркмен тайпаларын бірлікке шақыруы үлкен әсерін тигізді. Махтумкули лирикасында әлеуметтік-философиялық мотивтер маңызды орын алады. Ақынның шығармашылығы кейінгі кезеңдегі түркімен поэзиясының дамуына әсер етті. Оның өлеңдері мен шағын поэмалары халық шығармашылығына тілі бойынша және поэтикалық тәсілдерімен жақын болып, халықтың жадында бүгінгі күнге дейін ұрпақтар үшін даналық пен поэтикалық шабыт көзі ретінде сақталған.

Махтумкулидің өлеңдері ақынның тек түркімен фольклорын ғана емес, өзбек, тәжік, парсы, әзірбайжан секілді көрші халықтардың әдебиетін де жетік меңгергенін көрсетеді. Ақынның шығармашылығына түркімен фольклоры ерекше әсер етті. Оның өлеңдері мақал-мәтелдерге толы. Махтумкули – поэзияда түркі тілдес халықтардың фольклорында кең таралған гошги (төрт жолды өлең шумағы) деп аталатын негізгі жанрды қолданған алғашқы түркімен ақыны.

Ұлы гуманист-ақын Махтумкулидің өлеңдері әлемнің көптеген тілдеріне аударылған. Еуропалық зерттеушілер мен оқырмандар алғаш рет Махтумкулидің өлеңдерімен 1842 жылы Лондонда, 1878 жылы Лейпциг қаласында басылып шыққан А.Ходьзко – Борейконың «Три песни туркмена Махтумкули» атты басылымы арқылы таныс болды. Оның өлеңдерінің алғашқы орыс аудармаларын Ф.А. Бакулин 1872 жылы «Ресей ғылым және мәдениет мұрағатының» неміс журналында басып шығарды.

Әйгілі сөз шебері шығармашылығының жалпыадамзаттық маңыздылығын Халықаралық Түркі мәдениеті ұйымының (ТҮРКСОЙ) 2024 жылды «Түркі әлемінің ұлы ақыны және ойшылы – Махтумкули Фраги жылы» деп жариялауы, сондай-ақ, оның қолжазбалар жинағын Біріккен Ұлттар Ұйымының білім, ғылым және мәдениет мәселелері жөніндегі бағдарламасының (ЮНЕСКО) «Память мира» халықаралық тізіміне енгізуі айғақтайды. Одан бөлек, Махтумкули Фрагидің 300 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО-ның 2024-2025 жылдарға арналған мерейтойлық күндер тізбегіне енгізілген. Түркіменстанның бұл бастамасы 2023 жылы мамыр айында Парижде өткен ЮНЕСКО-ның Атқарушы кеңесі сессиясында мақұлданды.

Кітап көрмесінде ҚР Ұлттық кітапханасы қорынан әлем халықтарының түрлі тілдеріндегі кітаптар мен әдебиеттер ұсынылған.

Барлықтарыңызды кітап көрмесін тамашалуға шақырамыз !

Кітап шоу - 2024