+7 (727) 267-28-83

ганди гл

Әлем әдебиеті залында үнді саяси және қоғам қайраткері, Үндістанның Ұлыбританиядан тәуелсіздік алу қозғалысының жетекшілері мен идеологтарының бірі Махатма Гандинің туғанына 155 жыл толуына орай "Менің өмірім – менің жолдауым" атты кітап көрмесі ұйымдастырылды.

Мохандас Карамчанд «Махатма» Ганди 1869 жылы 2 қазанда Британдық Үндістанның Порбандар қаласында дүниеге келген. Ол көпес кастасына (қоғамдық топ) тиесілі болды. Үндістанда мектепті бітіріп, 1888 жылы Англияға кетіп, "Иннер Темплда" құқық бойынша білім алады.

Лондонда жоғары заңгер мамандығы бойынша оқуды бітіргеннен кейін 1891 жылы Үндістанға оралып, заңмен айналысты. Отанда кәсіби қызмет Гандиге үлкен жетістік әкелмегендіктен, 1893 жылы Ганди Оңтүстік Африкаға сол жерде орналасқан Үнді фирмасының заңгері ретінде орналасты. Көп ұзамай Ганди адвокат ретінде де, саясаткер ретінде де жетістікке жетті. Оңтүстік Африкада Ганди алғаш рет күрес құралы ретінде зорлық-зомбылықсыз қарсылықты қолданды (сатьяграха).

Ганди ХХ ғасырдың ең жарқын тұлғаларының біріне айналды. Британдық үстемдікке қарсы Үндістанның Ұлттық қозғалысын басқарды, нәтижесінде үнді халқына тәуелсіздікке қол жеткізуге көмектесті. 1915 жылы әйгілі үнді жазушысы, әдебиет саласы бойынша Нобель сыйлығының лауреаты Рабиндранат Тагор алғаш рет Мохандас Гандиге "Махатма" ("Ұлы Жан") атағын берді.

1919 жылы саясаткер алғаш рет азаматтарды бейбіт акцияға шақырды: жаппай ереуіл және бағынбау. Белгіленген күні миллиондаған үндістер жұмысқа шықпады. Адамдар көшеде жүріп, бостандық, тәуелсіздік туралы ұрандар айтты. Гандидің философиялық көзқарастары ең өткір ұлттық және әлеуметтік қақтығыстарды шешуде зорлық-зомбылықсыз наразылық пен бейбітшілікке негізделді. Философия мен аскеттік өмір салты оған жалпыхалықтық сүйіспеншілік пен құрмет алып келді.

Үндістанның тәуелсіздік жайлы арманы Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін орындалды. Бірақ бұл тәуелсіздік индустар мен мұсылмандар арасында Пәкістанның бір бөлігінің Үндістанға қосылуына себеп болған жаңа қақтығыстарды әкелді. Ганди Шығыс Бенгалия мен Бихарды айналып өтіп, индустар, мұсылмандар мен сикхтер арасындағы тәртіпсіздіктер мен қақтығыстарды тоқтатуға шақырды.

Мохандас Карамчанд "Махатма" Ганди 1948 жылы 30 қаңтарда Нью-Дели қаласында дұға ету жолында Үнді фанатының қолынан қаза тапты. Алайда, қайтыс болғаннан кейін, Гандидің идеялары одан әрі танымал болып, әлемге даңқы шықты.

Гандидің құрметіне Ганди Ұлттық мұражайы, Радж Гат (кремация орнындағы мемориал) және Делидегі Ганди Смрити (қайтыс болған жердің жанында) тұрғызылды. Махатма Гандиге арналған ескерткіштер мен мемориалдар: Барселона, Нью-Йорк, Атланта, Сан-Франциско, Питермарицбург, Вашингтон, Мәскеу, Гонолулу, Лондон, Алматы, Астана, Бішкек, Душанбе, Ұлан-Батор, Минск, Будапешт, Альбуфейра (Португалия), Киев сияқты әлемнің көптеген қалаларында бар.

Махатма Ганди туралы 10-нан астам фильм түсірілген, атап айтқанда: Британдық "Ганди" (Ганди, 1982, режиссер Ричард Аттенборо, Ганди - Бен Кингсли, 8 Оскар сыйлығын алған) және үнді "О, Рама" (Hé Rām, 2000). "Гитлердің қымбатты досы" (Үндістан, 2011) фильмінде Ганди рөлінде Авийит Датт (Avijit Dutt) ойнады. Акбар Хусейн Аллахабади Гандиге "Ганди-нама" өлеңін арнады. Британдықтар 2000 жылғы BBC сауалнамасында Махатманы "мыңжылдық адамы" деп таныды. 2007 жылы БҰҰ Махатма Гандидің туған күнінде атап өтілетін Халықаралық зорлық-зомбылықсыз күнін жариялады.

Кітап көрмесінде ҚР Ұлттық кітапханасы қорынан М.Гандидің шығармалары, сондай-ақ ол туралы ағылшын, хинди, қазақ, орыс тілдеріндегі әдебиеттер ұсынылды.

Барлықтарыңызды кітап көрмесін тамашалуға шақырамыз !

Кітап шоу - 2024