+7 (727) 267-28-83

шеген гл

Мерзімді басылымдар залында жазушы Шеген Ахметовтің туғанына 110 жыл толуына орай «Шеген Ахметов – балалар әдебиетінің атасы» атты көрме ұйымдастырылды.

Шеген Ахметов 1914 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы Төлеби ауданының Көксаек ауылында дүниеге келген. Ол ата-анасынан ерте айырылып, Манкенттегі балалар үйінде тәрбиеленген. Ұлы Отан соғысының қатысушысы, әдебиеттанушы, жазушы, ұстаз, ғалым, филология ғылымдарының кандидаты.

Балаларға арналған «Қиын шайқастарда», «Гүл бақша» (1956), «Өнер мектебі» (1961), «Асыл сөз асыл ойдан» (1977) әңгімелерінің, «Демалыс», «Қойшы», «Еңбек және махаббат» пьесаларының, түрлі-түсті суретті кітаптардың авторы. Ұзақ жылдар қазақ балалар әдебиетінің тарихын зерттеді. Жоғары және орта арнаулы оқу орындарының студенттеріне арналған оқулық пен балалар әдебиеті хрестоматиясын, сондай-ақ 6-сынып оқушыларына арналған «Әдебиеттік оқу кітабын» жазды. Мектеп оқушыларына, студенттерге, мұғалімдерге арналған «Кеңестік дәуiрге дейiн қазақ балалар әдебиетiнiң даму тарихы», «Туған әдебиет», «Қазақ балалар әдебиетiнiң антологиясы», «Октябрь революциясына дейiнгi қазақ балалар әдебиетінің өсу жолдары» (1957), «Балалар әдебиетінің очеркі» (1960), «Қазақ балалар әдебиеті тарихының очеркі» (1965), «Қазақ совет балалар әдебиеті», «Қазақ әдебиетіндегі өнерлі адамдар образы» (1971), «Айдарлының ардагерлері» (1975), «Ғұлама ғалым және балалар әдебиеті» және т.б. монографиялары жарық көрді.

Шеген Ахметов 40 жылға жуық халық ағарту ісінің түрлі салаларында қызмет атқарды. Көркем шығармалары мен ғылыми еңбектерінде ұлттық тәрбиенің көкейкесті мәселелерін, әсіресе қазақ балаларының психологиясын әр қырынан зерттеді. Бірнеше ордендер және медальдармен марапатталған.

1956 жылы Шеген Ахметовтің «Қазақ балалар әдебиетінің хрестоматиясы» атты тұңғыш еңбегі жарық көрді. 2004-2005 жылдары қоғамдағы елеулі өзгерістерге, әдебиетке қойылатын жаңа талаптарға байланысты «Қазақ балалар әдебиетінің хрестоматиясы» толықтырылып, Шеген Ахметовтің 90 жылдығына орай қайта басылып шықты.

Көрмеге ҚР Ұлттық кітапханасының қорынан Шеген Ахметовтың кітаптары, материалдары мен мақалалары және ақын-жазушылардың мерзімді басылым беттерінде әр жылдарда жарияланған естеліктері қойылды.

Баршаңызды көрмеге шақырамыз!

Кітап шоу - 2024